Павлодар мұражайына Жүсіпбек Аймауытовтың ұлының заттары әкелінді
Мұражайға Бектұр Аймауытовтың медальдары, фотосуреттері мен құжаттары Ресейден жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnws.kz тілшісі.
Биыл қазақтың көрнекті жазушысы, драматургі, публицист Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 135 жыл толып отыр. Алаш қайраткерінің соңында Бектұр, Жанақ есімді ұлдары және Мәруа (Муза) деген қызы қалған. Аймауытов ұрпақтарының барлығы қуғын көрген, әсіресе 1916 жылы туған үлкен ұлы Бектұр көп қасірет шеккен.
Бектұр Аймауытов Орынбор мектебінде Міржақып Дулатовтың қызымен оқыған. Ал 1937 жылы «халық жауының баласы» деген айыппен ұсталып, он жылға түрмеге отырған. Бостандыққа шыққаннан кейін ол «Мұсылман елдеріне кіруге тыйым салынады» деген мөрі бар төлқұжат алып, Ресейдің Кемерово облысына баруға мәжбүр болған. Сол жерде ұзақ жылдар жергілікті шахтада электрик болып жұмыс істеді. 1994 жылы Бектұр Аймауыт Қазақстанға, Алматы қаласына оралуды ұйғарып, 2008 жылы сол жерде қайтыс болады.
Мерейтойға орай Павлодарға Бектұр Аймауытовтың Римма деген қызының ұлы келді. Жиенінің қазақша аты Пазыл Бектұрұлы, төлқұжаты бойынша – Павел Викторович. Бабасының туған жеріне келген ол атасының фотосуреттерін, медальдары мен құжаттарын сақтау үшін Бұқар жырау атындағы мұражайға қалдыруды ұйғарған.
Сонымен қатар, Павел Аймауытов көрмеге Жүсіпбек Аймауытовтың ашық аспан астындағы мектеп-музейінің есігінен кездейсоқ тауып алған темір тұтқаны әкелді.
– Екі ай бұрын Баянауылға бәйгеге барғанбыз. Сол мектеп-мұражайдың аумағын аралап жүріп, тұтқаны байқап қалдым да осында әкелуді жөн көрдім, – дейді шөбересі.
Павел Аймауытов Қазақстанға алғаш рет 1993-1994 келген. Олардың отбасын филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айман Зейнуллина тауып алған.
– Жүсіпбек Аймауытовтың есімін алғаш 1989 жылы Павлодарда естідім. Мен аспирантураға түскен кезде маған бұл тақырыпты зерттеуге берді. Ол туралы ақпарат болған жоқ. Омбы, Мәскеу мұрағаттарында құжаттармен жұмыс істеп жүргенімде оның анкетасын тауып, екі ұл, бір қызы бар екенін білдім. Ұлдарының бірі – Бектұр Қырғызстанда, Ош қаласынан табылды. Ол кезде Павел кішкентай бала еді. Кейін ол әкесінің отанына келгенде біз алғашқы деректі фильмді түсірдік, – деп еске алды Айман Зейнуллина.
Павел Аймауытов арғы атасының қуғын-сүргінге ұшырағаны жайлы тарихын Айман Зейнуллинадан ғана білген.
– Мен Бектұр атамның қолында өстім. Бірақ біздің үйде репрессия туралы айтуға болмайтын еді. Бектұр атамыз әкесі, шешесі, атасы мен әжесі туралы ешқашан айтпаған. Өйткені сол кезде ол көп қиналғаны психикасына қатты әсер тигізді. Тағы да ұстап алып, түрмеге қамап тастайды деп қорыққан. Репрессия тарихын біз тек Айман Файзулқызынан біле бастадық, – дейді Павел Аймауытов.
Ол арғы бабасының болмысын кеңінен насихаттау мақсатындабірнеше міндет қойған: ең алдымен Жүсіпбек Аймауытовтың кітаптарын орыс тіліне аудару, Ломов көшесінің атауын театрдың өзі орналасқан Аймауытов көшесі деп өзгерту туралы әкімдік деңгейінде мәселе көтеру.