Павлодар облысында ұлына алимент төлемеген ана сотта жауап береді
2017 жылы ауыл тұрғыны ата-ана құқығынан айырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жеке сот орындаушысы әйелдің ұлына алимент бойынша қарызын төлемеу фактісіне қатысты полицияға жүгінген.
– Ол 2017 жылдың наурыз айынан бастап 2009 жылы туған кәмелетке толмаған баласын асырауға қаражат төлеу бойынша міндетін атқармайды. Сол жылы ауыл тұрғыны ата-ана құқығынан айырылды, содан кейін бала ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған мемлекеттік орталықта болды. Осы кезеңде қарыз сомасы 5 миллион 700 мың теңгеден асты, – деді департаментте.
Әйел адам осы кезеңде ұлына мүлдем бармаған және алимент төлемегені үшін кінәсін мойындады. Онымен жұмысқа орналасу қажеттілігі туралы бірнеше рет әңгімелер өткізілген, бірақ еш нәтиже болмаған. Ендігі кезекте істі полиция қарайды, содан кейін сот шешім қабылдайды. Бұл баптың санкциясы қоғамдық жұмыс істеуден бастап екі жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.
Айта кетерлігі, жыл басынан бері кәмелетке толмаған баласын асырауға қаражат төлеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 31 адамға қатысты қылмыстық іс жүргізілуде. 17 іс шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді. Балаларына алимент төлемейтін ата-аналардың қатарында ерлер мен әйелдер де бар.