Павлодар облысында көлік апаттары ең жиі орын алатын қалалар аталды
Орын алған жол-көлік апаттарының 70-тен астам пайызы екі қалада тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті анықтау басқармасы бастығының орынбасары Евгений Бровко мәлім етті.
– Жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі Павлодар және Екібастұз қалаларында тіркеледі. Облыс бойынша тіркелген 433 апаттың 313-і аталған екі қалада болған. Бұл жалпы көлік апаттарының 72 пайызын құрайды, – дейді Евгений Бровко.
Кәмелеттік жасқа толмаған балалардың қатысуымен 85 жол апаты тіркелді. Оның салдарынан 3 адам қайтыс болды, ал 98 адам түрлі жарақат алды.
Қала бойынша жол-көлік оқиғаларын сирек ету үшін түрлі бейнежазба камералары орнатылуда. Павлодарда «Оракул», «Автоураган», «Zerek 2», «Кибер-Шериф», «Мерген», «Мегакам», «Интегра», «RedSpeed» камералары орнатылған.