Павлодарда жаңа кітап жарық көрді
Кітаптың авторы – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі қаламгер Ғалымбек Жұматов, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Көңілдің толқын кездері» атты кітабының тұсаукесері өтті. Бұл еңбек – жазушының «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша жарық көрген алғашқы жаңа кітабы.
– Бұған дейін кітаптарым 100-150 мың данамен шыққан кездер болатын. Туындылардың барлығы дерлік қазақ тілінде жазылған, тек біреуі орыс тілінде жарық көрді. Жалпы бүгінге дейін 23 кітабым шықты, алдағы уақытта бұйырса тағы да жазармыз, – дейді Ғалымбек Жұматов.
Кітапқа автордың драма, комедия, шағын әңгімелері енгізілген. Драма шығармалары еліміздің азаттығы үшін күрескен азаматтардың басынан кешкен оқиғалары, 16 жасынан қазақтың байтақ даласының азаттығы мен еркіндігі үшін күрес туын желбіреткен Алаш қозғалысы қайраткерлерінің қатарынан табылуға ұмтылып, жалындаған жастық шағында қуғын-сүргіннің құрбаны болған Алаш азаматтарының өмірінен пайдаланылған.
Қаламгердің сөзінше, жазу өнері жауапкершілікті жүктейді, ал кітап жазу үшін дайындық керек.
– Жалпы ақындар «Шабытым оянып жаздым» деп айтып жатады. Менде бұл құбылыс өзгешелеу. Туынды, кітап шығару үшін дайындаламын. Менің түсінігімде шабыт деген – дайындық. Ал жазу – жауапкершілік, – дейді жазушы.
Аталмыш іс-шараға Қазақстан Жазушылар Одағы Павлодар филиалының мүшелері, зиялы қауым өкілдері, сарбаздар, студенттер және оқырмандар қатысты.