Павлодар облысында аутизмді тіркеу көбейді
Бұл туралы Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышева ақпарат жеткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында соңғы алты жылда аутизм спектрінің бұзылыстары (АСБ) анықталған балалар саны 1,6 есеге өсті. Бұл туралы облыстық қоғамдық кеңестің отырысында Павлодар облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышева мәлім етті.
Оның айтуынша, әлемдік статистика психикалық денсаулық мәселесінің өзектілігін көрсетіп отыр.
- Психикалық бұзылыстардың 75%-ы 24 жасқа дейінгі кезеңде басталады. Оның ішінде 30%-ы – 14 жасқа дейінгі балаларда. 10–19 жас аралығындағы жасөспірімдердің шамамен 14%-ы психикалық бұзылыстардан зардап шегеді, ал 5–9 жас аралығында бұл көрсеткіш 8%-ды құрайды. Суицид – 15–29 жас аралығындағы адамдар арасындағы өлімнің төртінші себебі. Ауыр психикалық аурулары бар адамдар жалпы халықпен салыстырғанда 10–20 жылға ерте қайтыс болады, – деді Айгүл Мұқышева.
Оның сөзінше, облыста аутизмді ерте кезеңде анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
- Соңғы алты жылда аутизм спектрінің бұзылыстары анықталған балалар саны 1,6 есеге өсті. Сондықтан ерте диагностикалау мен психикалық денсаулық орталықтарының жұмысын күшейту маңызды, – деді ол.
Сонымен қатар, спикер алкоголизм мәселесінің өзектілігін атап өтті. Оның айтуынша, облыстағы Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы наркологиялық бөлімшелерде барлығы 50 төсек-орын ғана бар, бұл барлық мұқтаж науқастарды стационарлық емдеумен қамтуға жеткіліксіз.
- Алкоголизм – бүкіл әлемдегі №1 проблема. Біз барлық пациентті ауруханаға жатқыза алмаймыз. Әсіресе жеңіл дәрежедегі тәуелділігі бар азаматтардың емделуі жеткіліксіз, – деді Айгүл Мұқышева.
Өз кезегінде Павлодар облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Самал Қадырова аутизмге шалдыққан балаларға арналған орталықты кеңейту жоспарлары туралы айтты. Қазіргі таңда орталық 120 баланы қабылдайды. Алайда қызметке сұраныс жоғары болғандықтан, кезекте тұрған 350 бала бар. Осыған байланысты облыс билігі қосымша филиал ашу үшін қолайлы ғимарат іздестіріп жатыр.
Самал Қадырованың айтуынша, жаңа филиал ашу аутизм спектрінің бұзылыстары бар балаларға көрсетілетін көмектің қолжетімділігін арттырып, күту кезегін қысқартуға мүмкіндік береді.