Павлодар облысының отыз медициналық мекемесі күрделі жөндеуді талап етеді
Биыл жөнделмей қалған нысандар келесі жылға көшірілетін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышева мәлім етті.
– Өңірде көптеген аудандарда медициналық нысандар жөндеуді талап етеді. Бүгінде осындай 30 нысан бар, олар жоспар бойынша келесі жылдан бастап күрделі жөндеуден өтеді. Ақтоғай, Аққулы, Баянауыл, Успен, Тереңкөл, Павлодар, Железин аудандарында бұрыннан жөнделген, бірақ та тозығы жеткен ауруханалар, дәрігерлік амбулаториялар, медициналық пункттер бар, – деді Айгүл Мұқышева.
Оның сөзінше, бұл аудандардағы ауруханаларға жобалау-сметалық құжаттама биыл жасала басталған, алайда уақыты кешіктірілгеннен кейін келесі жылға шегерілді.
Сондай-ақ биыл он сегіз денсаулық сақтау бъектісіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде Набережное ауылының дәрігерлік амбулаториясы мен Пограничник ауылының фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталу сатысында. Сонымен қатар төрт объектінің жөндеу жұмысын аяқтау мерзімі желтоқсан айына жоспарланған. Айта кетерлігі, бұл ғимараттар арасында соңғы 30-40 жыл ішінде мүлдем жөндеуден өтпеген нысандар бар.