Павлодарда қызылшаның 90 пайызы екпе алмаған балалар арасында анықталған

Павлодарда қызылшаның 90 пайызы екпе алмаған балалар арасында анықталған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ең көп сырқаттанғандар – 1-4 жас аралығындағы бүлдіршіндер, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде инфекциялық аурулардың басым бөлігі бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты болғанымен, қызылшаға қатысты мәселе әлі де өзекті.

– Екпе салдыру – күнтізбедегі жоспарды орындау ғана емес, баланың өмірі мен денсаулығын қорғаудың ең тиімді жолы. Қызылша өте жұқпалы әрі ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Егер балаңыз жоспарлы екпесін алмаған болса, міндетті түрде медициналық ұйымға жүгініңіз. Шешімді әлеуметтік желідегі немесе тексерілмеген ақпаратқа емес, медицина мамандарының кеңесіне сүйеніп қабылдаған жөн. Бұл шара екпе алған адамды ғана емес, денсаулық жағдайына байланысты вакцина қабылдай алмайтын балаларды да ұжымдық иммунитет арқылы қорғайды, – деді Павлодар қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Александр Сафяников.

Оның айтуынша, жаз мезгілінде сырқаттанушылық төмендегенімен, қыс түскенде дерт қайта өршуі мүмкін.

– Жыл басынан бері Павлодар қаласында қызылшаның 254 жағдайы тіркелді. Соның 209-ы немесе 82%-ы – балалар. Ең көп сырқаттанғандар – 1-4 жас аралығындағы бүлдіршіндер. Бұл барлық тіркелген жағдайдың 64%-ын құрайды. Науқастардың 84%-ы, ал балалардың 90%-ы қызылшаға қарсы екпе алмаған, – деді Александр Сафяников.

Наурыз-сәуір айларында қалада тәулігіне 30-35 жағдайға дейін тіркелсе, шілде айында облыс бойынша небәрі төрт дерек анықталған. Соған қарамастан, санитарлық дәрігерлер мұны қауіптің толық сейілгенін білдірмейді деп отыр.

Мамандардың айтуынша, аурудың таралуына халықтың екпемен қамтылу деңгейінің төмендігі әсер етіп отыр. Қазір ерте жастағы балаларды қосымша иммундау және уақытында вакцина алмағандарды қамтитын толықтыру науқаны жүргізілуде. Дегенмен, толықтырушы иммундаумен қамту – 60%, ал қосымша иммундау көрсеткіші 63% деңгейінде қалып отыр. Мақсат – бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу. Ал ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін қамту деңгейі кемінде 95% болуы қажет.

– Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі әрбір емхана мен нысандағы ахуалды тұрақты қадағалап отыр. Талдау нәтижесі көрсеткендей, ата-аналардың екпеден бас тартуының 90%-ы жеке ұстанымына байланысты, – деді басқарма жетекшісі.

Балабақшаларда санитариялық талаптар да күшейтілген. №289 санитариялық қағидаларға сәйкес, әр топтағы тәрбиеленушілердің кемінде 90%-ы ұлттық егу күнтізбесіне сай толық вакцина алған болуы тиіс. Ал екпе алмағандардың үлесі 10%-дан аспауы қажет. Бұл талаптарды орындамаған мекемелерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Мамандар қызылшаның әлемдегі ең жұқпалы инфекциялардың бірі екенін еске салады. Дерт құлақ қабынуы, диарея, пневмония, энцефалит және көру қабілетінен айырылу секілді ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Статистикаға сәйкес, қызылшамен ауырған әр мың баланың шамамен 80-інде құлақ инфекциясы мен диарея, 50-інде пневмония, ал бірінде энцефалит дамиды. Жүкті әйелдер үшін де қауіп жоғары: осы ауруға шалдыққан әр 100 жүкті әйелдің 18-інде пневмония дамып, төртеуі көз жұмуы мүмкін.

Дәрігерлердің сөзінше, қызылша иммундық жүйенің бұрын қалыптасқан қорғанысын әлсіретіп, ағзаның басқа инфекцияларға қарсы иммундық «жадын» төмендетеді. Сондықтан ауруды өткеріп иммунитет қалыптастырғаннан гөрі, алдын ала вакцина арқылы қорғану әлдеқайда қауіпсіз.

Сонымен қатар, қалада 30 жасқа дейінгі бұрын екпе алмаған немесе вакцина салдырғаны туралы мәліметі жоқ тұрғындарды қамтитын толықтырушы иммундау жалғасып жатыр.