Павлодар облысында жол үстінде инфаркт алған азамат құтқарылды
Ер адам Пограничник станциясының жанындағы көпірде өзін нашар сезінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
– 13 қаңтардан 14 қаңтарға қараған түні сағат 22:37-де ТЖД апаттар медицинасы орталығының бригадасы шұғыл шақыруға шықты. Белгілі болғандай 1980 жылы туған ер адам Пограничник станциясының жанындағы көпірде өзін нашар сезінген. Алдын ала болжам бойынша ол инфаркт алған. Науқас шұғыл түрде облыс орталығына жеткізілді, – делінген хабарламада.
Сол түні Қалқаман кентіндегі трассалық медициналық-құтқару пунктінің қызметкерлері екінші шақыртуға шықты. Онда Атамекен кентінің маңында үш көліктің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасында жолаушылардың бірі салонда қалып қойған. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылары зардап шеккен тұрғынды арнайы жабдықтың көмегімен шығарып, дәрігерлерге тапсырған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен 2000 жылы туылған ер адам қазіргі таңда амбулаториялық ем қабылдауда.
Айта кетелік, облыста үш трассалық медициналық-құтқару пункті бар. Олар - Шідерті, Қалқаман кенттерінде және Аққулы ауданында жұмыс істейді.
Облыстық ТЖД тұрғындарға жол қауіпсіздігі ережелерін сақтауды қатаң ескертеді.