Павлодар облысында колонияға келген ана шай ішіне ақша салып әкелген
Ол ұлымен кездесуге келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Polisia.kz ақпараттық-медиа порталының мәліметінше, ҚР ІІМ ҚАЖК №45 мекемесінің ЕҰУ режимдік бөлімі тексеру тобының қызметкерлері орташа қауіпсіздік мекемесінде ұлына ұзақ кездесуге келген адамды мұқият тексеру кезінде шай қорабында жасырылған тыйым салынған заттар – ақша табылды.
– Мекеме қызметкерлері кездесуге келген сотталғандармен және туыстарымен үнемі профилактикалық әңгімелесулер өткізеді, мекемеде не алып жүруге болмайтынын, не тапсыру немесе үйде қалдыру қажеттігін түсіндіреді. Бұдан басқа, сәлемдемелер мен бандерольдерді жөнелту кезінде жөнелтушіге тыйым салынған заттарды бергені үшін жауапкершілік туралы жазбаша ескертіледі. Осыған қарамастан, сотталғандардың туыстары мен таныстары тапқырлық танытып, бір немесе басқа тыйым салынған затты алып өтуге тырысады, – деді мекеме бастығы Қуаныш Қойшыбаев.
Азаматқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылды, сот оған жаза тағайындайды. Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай бұзушылыққа жол берген адам сот қаулысы заңды күшіне енген күннен бастап бір жылға ұзақ кездесу мүмкіндігінен айырылады.