Кербұғы: Павлодарлық театрда тың қойылым ұсынылды
Қойылым ерекше стильде өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры Оралхан Бөкейдің «Кербұғы» еңбегін сахналады. Бұл жолғы туындының ерекшелігі – пластикалық стильде қойылды. Қойылым режиссері Жангелді Садықовтың айтуынша, аталмыш драманы өткен жылдың сәуір айында жоспарлап бастаған.
- Жалпы, бұл қойылымды өткен жылдың сәуір айында қолға алған болатынмын. Ал негізгі сахнадағы жұмысымыз осы қаңтар айында басталды. Шамамен 10 күндей тек сахнадағы қимыл-қозғалыс, пластикамен жұмыс істедік. Толығымен аталмыш қойылымға 16 әртіс жұмылдырылды,- дейді Жангелді Садықов.
Режиссердің сөзінше, қойылымды дайындау қиынға түскен. Себебі – «Кербұғы» еңбегі ешқандай диалогсыз жазылған. Сондықтан бұғыларды сөйлету қиындық туғызған.
- Адамдарды сөйлете алғанмен, бұғыны сөйлетуде қиындыққа тап болдық. Соңында «кербұғыны» сөйлеткен жоқпыз. Сонымен қатар, бұл әңгімеде жоқ кейіпкер – Қоңқайды қостық. Ол жауыздық мен қатігездікті көрсететін кейіпкер ретінде болды,- дейді режиссер.
Айта кету керек, қойылымның негізгі идеясы – табиғат пен адам арасындағы қарама-қайшылықты бейнелейді.