Павлодар облысында спорт пен туризм саласын жандандыру жұмыстары қолға алынады

Облыс әкімдігінде туризм мен спортты дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Асайын Байханов Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туризм саласын экономикалық өсудің жаңа нүктесі ретінде айқындап бергенін атап өтті.
– Павлодар облысында туризмнің барлық түрлерін дамыту үшін қажет нәрсенің бәрі бар. Өңірдің туристік әлеуетін толық ашып, туристік аймақтарға инфрақұрылымдық қолдау көрсетуді жалғастыру қажет. Жүйелі деңгейде туристер ағынын арттыруды жолға қою және қызмет көрсету деңгейін арттыру маңызды, – деді облыс әкімі.
Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Имашевтың айтуынша, өткен жыл жақсы көрсеткіштермен аяқталды. Ішкі туристер саны 13%-ға, нөмірлік қор 10%-ға, қызметтер көлемі 23%-ға өсті.
2024 жылы аталмыш салаға құйылған инвестициялардың көлемі 19,4 млрд теңгені құрады. Жоспарланған 10,05 млрд теңге, 93%-ға асыра орындалды.
2025-2027 жылдарға жалпы сомасы 17,5 млрд теңгеге инвестициялық жобалар пулы, оның ішінде 5,4 миллиард теңгеге 8 инфрақұрылымдық жоба қалыптастырылды.
Талқылау барысында облыс әкімі туризм саласын дамытудың 2023-2028 жылдарға арналған бағдарламасында тиімділіктің жеткіліксіздігі мен бірыңғай тәсілдің жоқтығын сынға алып, нақты қажетті ұсыныстар енгізуді тапсырды. Сондай-ақ, Асайын Байханов іс-шараларды ұйымдастыру сапасына, оның ішінде туристік маусымның ашылуына қатысты жағымсыз пікірлерді еске салып, іс-шаралар жоспарын қайта қарауды тапсырды.
Жиналыстың қорытындысы бойынша аймақ басшысы 20 наурызға дейін туристік ақпараттық орталық құруды қарастыруды, «Туристік саланы дамытудың 2023-2028 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасын» жандандыруды тапсырды. 15 сәуірге дейін байланыс операторларымен бірлесіп интернет сапасын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізу, 1 сәуірге дейін санитарлық-гигиеналық тораптардың жұмыс істеуін және күтіп-ұсталуын, қосымша қоқыс контейнерлерін орнатуды қамтамасыз ету тапсырылды.
Сондай-ақ, жиналыста облыстағы бұқаралық спортты дамыту мәселелері де қаралды. Өңірде балалар мен жасөспірімдердің мемлекеттік спорттық тапсырысын жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасын іске асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыруға 2025 жылы 2,9 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. 11 мыңнан астам бала спортпен тегін айналысуда.
2025 жылы ваучерлер наурыз айында беріледі деп жоспарлануда.
Облыста 2200 спорт ғимараты бар. Ақсуда мұз аренасының, Успен ауданының Успен, Шарбақты ауданының Шалдай мен Галкино ауылдарында және Кенжекөл ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы аяқталды. 7 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде.
2025 жылы дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен жүзу бассейндерін салу бойынша 8 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Облыс әкімі 1 наурызға дейін әрбір қала мен аудан үшін нақты KPI бар спортты дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. 2025 жылдың соңына дейін спорт бойынша барлық негізгі индикаторларға қол жеткізуді қамтамасыз ету, 1 мамырға дейін кешенді республикалық спартакиада өткізу мүмкіндігін қарастыру тапсырылды. Қалалар мен аудандардың әкімдері 1 мамырға дейін көшедегі спорт ғимараттарын пайдалану қауіпсіздігіне тексеру жүргізуі қажет.
Фото: Валерий Бугаев