Павлодар облысында студенттер техникалық және кәсіптік біліммен 100% қамтылмақ
Өңірде бұл мақсатқа бөлінетін мемлекеттік тапсырыс көлемі артқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина мәлім етті.
– Соңғы бес жылда техникалық және кәсіптік білім беру бойынша кадрлар даярлауға мемлекеттік тапсырыс көлемі 3905 орыннан 5705 орынға дейін, яғни 1800 орынға ұлғайды. 2020 жылмен салыстырғанда инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына мемлекеттік тапсырыс көлемі екі есеге ұлғайды, – деді Самал Айтқазина.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда оқуға түсу үшін 11 мыңнан астам адамнан өтінімдер қабылданған. Мемлекеттік тапсырысты бөлу бойынша негізгі саралау 25 тамызда жүргізіледі.
– 2025 жылға дейін 9-сынып негізінде студенттерді тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100% қамту жоспарлануда, – деді Самал Айтқазина.
Айта кетейік, облыста 44 колледж жұмыс істейді. Оның ішінде 30-ы мемлекеттік, 14-і жеке меншік.