Павлодарлықтар бірыңғай уақыт белдеуіне көшсе, денсаулықтары жақсарады
Халық өзінің географиялық уақыт белдеуінде тұрып жатқан жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәлімдеуінше, Астанада еліміздегі уақытты есептеу мәселелері бойынша ведомствоаралық жұмыс тобының қорытынды отырысы өтті. Жұмыс тобы былтырғы жылдың ақпан айында қазақстандықтардың неғұрлым қолайлы уақыт белдеуіне көшу туралы өтініштеріне байланысты құрылды. Жыл бойы қазақстандық ғалымдар мен түрлі салалардың сарапшылары Қазақстан аумағында бірыңғай уақыт белдеуін белгілеу мәселесін зерттеді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда UTC+5 және UTC+6 уақыт белдеулері қолданылады. Елдің көп бөлігі UTC+6 аймағында орналасқан.
Алайда, ғалымдардың пікірінше, UTC+6 уақыт белдеуі табиғи күн уақытына сәйкес келмейді, бұл биологиялық ырғақ пен адам денсаулығына кері әсер етеді. Атап айтқанда, сарапшылар елорда уақыты бойынша тұратын облыстар мен қалаларда уақыт бір сағатқа (UTC+5) ауыстырылатын нұсқаны ұсынады. Осылайша, бүкіл Қазақстан бойынша бірыңғай уақыт белгіленеді.
– Мен бұл мәселемен 10 жылдан астам уақыт айналысып келемін. Ғылыми консенсусқа сәйкес, адам денсаулығы үшін күн сәулесіне, яғни табиғи уақытқа мүмкіндігінше жақын тұрақты уақыт белдеулерін қолданған дұрыс. Ғылыми-зерттеу институттары мен менің әріптестерімнің ұстанымынан бүкіл Қазақстан бойынша UTC+5 бірыңғай уақытына көшу бұрын ұсынылған барлық нұсқалардың ішіндегі ең оңтайлы болып табылады, – деді қолданбалы хронобиология бойынша маман Болат Нұрхожаев.
Денсаулық сақтау министрлігі де осындай ұстанымды ұстанады және уақыт белдеуін табиғи уақытқа сәйкес келтіру қазақстандықтардың денсаулығына жағымды әсер етеді деп санайды.
– Қазақстан халқының басым бөлігі өзінің географиялық уақыт белдеуінде тұрмайды. Сарапшылар тобы, профессор-физиологтар бұл мәселені бір жыл бойы зерттеді. Дененің физиологиясы мен жұмыс істеуі, гормоналды тепе-теңдік тұрғысынан біз UTC+5 уақыт белдеуіне ауыса отырып, денеміздің биологиялық сағатына сәйкес оянып, жатамыз деген пікірді ұстанамыз, – деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры Дәулет Алдынғұров.
«Астана» медицина университетінің қалыпты физиология кафедрасының меңгерушісі Курейш Хамчиевтің пікірінше, уақыттың табиғи өтуінен озу созылмалы шаршау мен аурулардың пайда болуына ықпал етеді.
– Десинхроноз қазір көптеген аймақтарда болып жатқан нәрсе, яғни биологиялық ырғақтың сәйкес келмеуі ұзақ мерзімді шаршаудың, депрессияның, ұйқысыздықтың және өнімділіктің төмендеуінің себебі болып табылады. Мұның бәрі жүрек-қан тамырлары, қатерлі ісік және басқа аурулардың даму қаупінің факторлары. Циркадиялық немесе биологиялық ырғақ біздің өміріміздің ажырамас бөлігі болып табылады және бұл циркадиялық күйзелістерге қарсы тұру өте қиын. Сондықтан бүкіл республика халқының табиғи ырғағын үндестіру қажет, – деді ол.
Сарапшылар бұның денсаулыққа пайдасынан басқа, бірыңғай уақыт белдеуін орнату еліміздің әртүрлі өңірлерінің тұрғындары арасындағы уақытша кедергілерді жояды, көлік және басқа да коммуникацияларды үйлестіруді жақсартады, бизнесті жүргізуге, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен шұғыл қызметтердің өзара іс-қимылына жағымды әсер ететінін атап өтті.
Жұмыс тобы халықаралық тәжірибені де зерттеді. Осылайша, әлемнің 175 елінде бірыңғай уақыт белдеуі орнатылған. Бір уақыт белдеуінде барлығы 22 мемлекет тұрады.
Жұмыс тобы отырысының қорытындысы бойынша ғылыми дәлелдер мен қорытындыларға негізделген есеп дайындалып бекітілді, ол тиісті мемлекеттік органдарға жіберілетін болады.