«Біртұтас тәрбие»: Аққулы ауданының ұстаздары ұлттық құндылықтарды дәріптеуде
Аққулы ауданында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында облыстық семинар өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталмыш іс-шараға Павлодар облыстық білім беру басқармасы, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының ақпараттық-әдістемелік түсіндіру тобы, Ақсу қаласы, Шарбақты, Успен, Тереңкөл аудандарының әдіскерлері мен ұстаздары, Павлодар қаласы балабақшаларының әдіскерлері, Аққулы ауданының білім беру бөлімі және мектеп басшылары және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Аққулы ауданында 2018 жылдан бастап «Даналық мектебі» аясында көптеген клубтар жұмыс жасайды. Атап айтсақ, Гулбарам Жиеналина бастаған Аққулы орта мектебінің «Әжелер» клубында қыз балалар ұршық иіріп, жүн түтіп, тоқыма тоқуды, ұмыт болған салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар жайлы біледі. Ақ жаулықты әжелер оқушыларға ертегі оқып, ұлттық ас дайындауды үйретеді.
Ал, Жабағылы орта мектебінің «Жеңгелер» клубында, жетекшісі Мендіғайын Сейсенбаева қыздарға дәстүрлі отбасылық құндылықтарды, үлкенге құрмет көрсетуді, кішіге ізет білдіруді, сондай-ақ қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін үйретеді. Клуб аясында қыздар жеңгелерінен өмірлік ақыл-кеңестер алып, болашақ отбасы өміріне бейімделеді. Сонымен қатар, клубта қыздар ұлттық тағамдар дайындау, қолөнер және тұрмыстық дағдыларды біліп, әйелдің қоғамдағы рөлін түсінеді, өзіне деген сенімділікті қалыптастырады.
Райхан Иманбекованың жетекшілігімін Сатыбалдин атындағы орта мектептің «Аналар кеңесі» клубында қыздар аналарынан күнделікті өмірге қажетті тұрмыстық дағдыларды, ұлттық тағамдар дайындау, қолөнермен айналысу, және киіз үй жабдықтарын жасауды үйренеді. Клубтың басты мақсаты – қыздарды болашақ ана, отбасылық өмірге тәрбиелеу.
Жамбыл орта мектебінің «Томирис» қыздар клубында ұлттық тәрбиеге ерекше мән беріледі. Оқушылар қазақтың батыр қыздары мен аналарын үлгі тұтып, олардың қайсарлығы мен даналығын бойына сіңіреді. Клубта ұлттық әдет-ғұрыптарға сай қыз баланың тәрбиесі, жауапкершілік пен ізеттілікті дамытуға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізеді. Сондай-ақ, клубта қыздар өзара қарым-қатынас мәдениетін, үлкендерге құрмет көрсетуді, кішіге қамқорлық жасауды үйреніп, көшбасшылық қабілеттерін дамытады. Бұл клубтың жетекшісі – Гүлшат Насилина.
Әйтей орта мектебінің «Мирас» клубында ұл балалар қолөнердің қыр-сырын үйреніп, ұлттық дәстүрлерді жалғастыруға бағытталған іс-шараларға белсене қатысады. Клубта олар сүйектен, ағаштан ойып бұйымдар жасау, тері өңдеу, қамшы өру, және тағы да басқа шеберлік түрлерін меңгерді. Ұлдар ата-бабамыздан келе жатқан қолөнер дәстүрін сақтап, оны заманауи өмірге үйлесімді қолдануға дағдыланды. Бұл дағдылар олардың болашақта нағыз азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.
Жамбыл орта мектебінің «Әкелер кеңесі» клубында ұл балалар ат әбзелдерін жасау мен оларды қолдануды ата-бабадан қалған ұлттық дәстүрлер арқылы үйренеді. Жетекшісі – Қамал Темірлан. Клубта ұлдар әкелерінен тері өңдеу, жүген, ат әбзелдерін әзірлеудің қыр-сырын меңгереді. Сонымен қатар, әбзелдерді сәндеп, ұлттық өрнектермен безендіру өнерін де біледі. Әкелер ұлдарға тек қолөнерді ғана емес, сонымен бірге, атқа міну мәдениеті мен оны күтіп-баптаудың маңызын түсіндіреді.
Айта кетерлігі, осы күні клубтардың жұмысын ата-аналар өздері ұйымдастырып, жұмыстарын өздері таныстырды. Оқу жылы ішінде мектеппен тығыз қарым-қатынаста болып, клубтың ішінде сабақтарды өздері жүргізеді.
– Аққулы ауданының мектептерінде ата-аналар тәрбиелік іс-шараларға белсенді қатысып, мектеп өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Олар «Даналық мектебі» аясында өткізілген клубтардың жұмысына атсалысып, балаларының тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуде. Әжелер, аналар және әкелер кеңестері түрлі тақырыптағы шараларға белсене қатысып, ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге зор үлес қосты. Мұндай серіктестік арқылы мектеп пен отбасының ынтымақтастығы нығайып, балалардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасалуда, – дейді аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Әсем Оспанова.
Клубтардың презентацияларынан кейін қатысушылар ауданның мектептері жүзеге асыратын күнделікті, апталық іс-шаралар мен республикалық және облыстық жобалар көрмесінде болды. Көрмеде «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы», «Қамқор», «SMART BALA», «Менің Туым» және басқа да жобалар таныстырылды. Қатысушылар Аққулы, Жанатан, Баймулдин орта мектептері және тағы басқа оқу орындары дайындаған материалдарды қызығушылықпен тамашалады. Семинардың екінші бөлімінде Аққулы ауылындағы «Айналайын» балабақшасына барды. Бұл балабақша балаларды ұлттық мәдениетпен таныстыруда маңызды рөл атқарады. Бала тәрбиесінде ата-баба мұраларын насихаттау, ұлттық құндылықтарды бойға сіңіру, әдептілік пен адамгершілік тәрбиесіне ерекше назар аударылады. Балалар ертегілер мен ән-жырлар, ұлттық ойындар ойнау арқылы өз халқының тарихын білуге мүмкіндік алады, ал дәстүрлі қолөнермен айналысу арқылы шығармашылық қабілеттерін дамытуға жағдай жасалады.
Семинар аясында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының ақпараттық-әдістемелік түсіндіру тобы практикалық тапсырмаларды орындап, ауданның тәрбиелік жұмысына оң бағасын берді.
Семинар соңында қатысушылар сұрақ қойып, өзара пікір алмасты, нәтижелерді талқылап, бірлескен шешімдер қабылдауға мүмкіндік алды.