Павлодар облысында заңсыз берілген 5,5 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды
Өңірде жайылымдық жерлердің тапшылығы екі есеге қысқарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ӨКҚ-де өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов өңірде 7,4 млн га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер бар екенін атап өтті.
Ал, облыстағы алқаптардың басым түрі 8,3 млн га құрайтын жайылымдық жер бар. Сондай-ақ жайылымдық жер жетіспейтін аудандар да жеткілікті. Бұл – Аққулы, Павлодар, Успен және Шарбақты аудандары.
– Қазіргі уақытта ауыл халқы үшін жайылымдардың тапшылығы 125 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге азайды. Өткен жылы тапшылық 282 мың гектар болған. Биыл халықтың мұқтаждығы үшін 8,2 мың гектар жайылым қайтарылды. Қосымша 5,7 мың гектар алқапта мал жаю үшін меморандумдар жасалды, – деді Мұрат Хамитов.
Облыста жайылымдардың жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін қалалар мен аудандардың әкімдіктері 2022 жылы мемлекет меншігіне 67,2 мың га жер қайтарған.
Павлодар облысы жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Болат Мидиу департамент жер беру және дұрыс пайдаланбаған жерді күшпен тартып алу жұмыстарымен айналысатынын айтты.
– Жерді пайдалануда егер ереже бұзушылық болса, әкімшілік жазаға тартылады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жерлерінде салық 20 есеге көбейеді. Жалпы, ауыл шаруашылығында жерді тиісті мақсатта қолданбағандарға қатесін түзету үшін 1 жыл беріледі. Ол уақытта түземесе сотқа беріледі, – деді Болат Мидиу.
Болат Мидиудың айтуынша, өткен жылы облыста жердің қалай қолданылып жатқанына 229 тексеру жүргізілген. Одан бөлек, қазіргі уақытта заңсыз берілген жерлер бойынша сот істері жүріп жатыр.
– Бізде конкурссыз берілген жер учаскелері, конкурс кезінде ереже бұзылған жағдайлар бар. Мысалы, өткен аптада бір шағым бойынша сот арқылы Железин ауданында 5,5 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қайтарылды. Ол заңсыз берілген, оған қоса, мақсатты түрде қолданылмаған. Қазір сотта барлығы 8 іс бар, – деді Болат Мидиу.
Айта кетейік, облыстың жер қорының ауданы 12,5 млн га құрайды. Оның басым бөлігі 7,4 млн га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден, 1,8 млн га елді мекендердің жерлерінен және 2,6 млн га жер қорындағы жерлерден тұрады.
Фото: Константин Шелков