Павлодар облысында заңсыз қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар ұсталды
«HAS Holding» заңсыз қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы бүкіл ел бойынша жұмыс істеп тұрған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, салымшыларды жоғары дивидендтермен қызықтырған.
– Қаржы пирамидасы сыртқы экономикалық қызметі бар, яғни Қытайда тауарлар сатып алу және Қазақстанда қайта сатумен айналысатын компания ретінде жасырын жұмыс істеген. Ұйымдастырушылар өз бизнесінің табыстылығы мен жоғары рентабельділігіне сендірген және әртүрлі инвестициялық жобаларға инвестиция салуды ұсынған. Пассивті айлық кіріс салынған соманың 70 пайызына дейін жетеді деп уәде берген. Басты шарт – аффилиирленген дүкеннен 180 мың теңгеге тауар сатып алу қажет болған, – деп жазылған хабарламада.
Салымшылармен «Upgrade-AS», «Holding AS», «XAS-Logistic», «light-AS» және басқа да компаниялардың атынан келісімшарттар жасалған.
Алынған ақшаның негізгі бөлігі пирамида ұйымдастырушыларының қалтасына түсіп отырған. Қысқа мерзім ішінде салымшылардан алынған ақшаға өздеріне және өздерінің жақын туыстарына сатып алынған жер учаскелері, пәтерлер, автомобильдер ресімделді. Сонымен қатар, басқа да жеке мақсаттар үшін пайдаланылған.
Пирамиданың тұрақты жұмысының көрінісін жасау үшін алынған ақшаның бір бөлігі салымшыларға сыйақы төлеуге бағытталған. Алайда ұйымдастырушылар салымшыларды алған сыйақысын қайта пирамидаға қайта салуға шақырған.
Ұйымдастырушылар әлеуметтік желілерде жалған акцияларды ұйымдастырып, Астана мен Қосшыда көпқабатты үйлер салғанын көрсетіп, құрылыс декорациясы жасалып, арнайы техника жалдаған.
Аталған қылмысты жасады деген күдікпен қаржы пирамидасын ұйымдастырушы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, оған қатысты соттың санкциясымен «қамау» бұлтартпау шарасы таңдалды.
Қазір салымшылар арасында жалған ақпарат таралуда. Осыған байланысты департаментте тек ресми ақпаратқа сенуді сұрайды.
«HAS Holding» қаржы пирамидасының қызметінен зардап шеккендерді 8 (7182) 61-33-05 нөміріне хабарласуды сұрайды.