Павлодарды бала қиялымен бейнелеген мурал салынуда

Павлодарды бала қиялымен бейнелеген мурал салынуда
Фото: Видеодан скриншот

Тың туынды Естай көшесі, 89 мекенжайындағы ғимаратқа бейнеленуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда «Өнерлі шаһар» жобасы аясында жаңа мурал салынуда. Астаналық Art Game шығармашылық тобы бұл жолы ғимаратқа балалардың арманы мен туған қалаға деген сүйіспеншілігін бейнелейтін туынды жасап жатыр. 

Муралдың композициясында ай орағының үстінде ұйықтап жатқан бала бейнеленген. Оның түсінде тұтас бір ғалам ашылады. Онда Павлодардың таныс орындары, болашақта пайда болуы мүмкін нысандар, Ертіс өзені, көпір, жағалау және шексіз ғарыш көрініс тапқан.

– Қазір Павлодарда «Өнерлі шаһар» жобасы аясында кезекті муралды салып жатырмыз. Туындымыз қала тұрғындарының көңілінен шығып, әркімді армандауға, өз әлемін құруға және жаңа белестерді бағындыруға шабыттандырады деп сенеміз, – дейді суретшілер. 

Туындыдағы әрбір детальдың өзіндік мәні бар. Мәселен, жұлдыздарға қарай ұшып бара жатқан қағаз ұшақ баланың арманға ұмтылысын, жаңа белестерді бағындыруға және тың жаңалықтар ашуға деген талпынысын білдіреді. 

Муралдың орналасқан жері де кездейсоқ таңдалмаған. Бұған дейін бұл жерде «Глобус» дүкені болған. Тұрғындар нысанның атауын әлі күнге дейін осы аумақты бағдарлау кезінде қолданады. Суретшілер осы тарихты шығармашылық тұрғыда бейнелеп, Павлодардың ертегідей панорамасын үлкен глобустың ішіне орналастырған.

Жаңа мурал арқылы авторлар балалық арманның шексіз екенін және туған қалаға деген сүйіспеншіліктің адамға жаңа жетістіктерге қанат бітіретінін жеткізуді көздейді. Туынды аяқталғаннан кейін Павлодардағы «Өнерлі шаһар» жобасының тағы бір ерекше нысанына айналмақ.

Еске сала кетейік, астаналық Art Game шығармашылық тобы бұған дейін қала тұрғындарына сұлулық, махаббат пен адалдықтың символы – Қыз Жібектің бейнесін сыйлағант еді.