Мектептен басталған шахмат: Павлодар облысындағы пилоттық жобаның нәтижесі қандай?
Бүгінгі таңда өңір мектептеріндегі бастауыш сыныптардың 2 мың оқушысы зияткерлік ойынын меңгеруде,деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Білім беру жүйесіндегі шахмат» жобасының негізгі мақсаты – балалардың логикалық ойлау, есте сақтау, зейін қою, талдау және стратегиялық жоспарлау қабілеттерін дамыту. Сонымен қатар, шахмат арқылы оқушыларды өз бетінше шешім қабылдауға, әр қадамын алдын ала ойластыруға және жауапкершілікке тәрбиелеу көзделген.
– Жобаның тиімді жүзеге асуы үшін педагогтерді даярлау жұмыстарына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Бүгінде облыстың 142 педагогі Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырған «Білім беру жүйесіндегі шахмат. Шахмат негіздері» бағдарламасы бойынша бастапқы деңгейдегі біліктілікті арттыру курстарынан тегін өтті, – деді облыстық білім беру басқармасының дене шынықтыру жөніндегі өңірлік оқу-тәжірибелік орталығының басшысы Бахтияр Түсіпов.
Павлодар облысы бұл бағыттағы пилоттық жобаны алғашқылардың бірі болып 2023 жылы қолға алған. Алғашқы кезеңде жоба өңірдегі бес мектепте жүзеге асырыла бастады. Олардың қатарында Павлодар қаласындағы Мәшһүр Жүсіп атындағы мектеп те бар.
– Білім беру жүйесіндегі шахмат жобасы өте тиімді әрі пайдалы деп ойлаймын. Себебі шахмат баланың ойлау қабілетін дамытып, әрбір әрекетін саралауға және дұрыс шешім қабылдауға үйретеді. Оқушылар ойын барысында шыдамдылыққа, ұқыптылыққа және қарсыласының ойын түсінуге дағдыланады. Бұл қасиеттердің барлығы олардың болашақта өмірден өз орнын табуына, кез келген жағдайда дұрыс бағдар таңдауына көмектеседі, – деді аталмыш мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ажар Сейтханова.
Пилоттық жобамен қатар, өңірде бұқаралық мектеп шахматы да қарқынды дамып келеді. Қазіргі уақытта облыстың 340 мектебінде 592 шахмат үйірмесі жұмыс істейді. Оларға 13 мыңнан астам оқушы қатысады.
Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарында 250 шахмат кабинеті мен арнайы шахмат бұрышы жабдықталған. Бұл балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, шахматпен жүйелі түрде айналысуына мүмкіндік береді. Арнайы кабинеттерде оқушылар ойын ережелерін меңгеріп қана қоймай, өзара тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдай алады.