Павлодар ауданының тұрғынынан ішкі істер органында тіркелмеген қару табылды

Павлодар ауданының тұрғынынан ішкі істер органында тіркелмеген қару табылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол «Қауіпсіз үй» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде бір ай бойы, яғни 5 қазан мен 5 қараша аралығында қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ тұрғын үй секторындағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.

Жедел профилактикалық іс-шарасын өткізу кезеңінде полиция қызметкерлері 40 мың тұрғын үйді аралап, тұрғындардан бұрын шағымдар түскен мекенжайларды тексерді. Тыныштықты бұзғаны үшін облыстың 438 тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Іс-шара барысында құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтардың мүлкінің сақталуын қамтамасыз етуге, ұрлық және өзге де құқыққа қайшы әрекеттердің жолын кесуге ерекше назар аударылды.

– Мәселен, «Қауіпсіз үй» ЖПІ аясында Павлодар ауданының 41 жастағы тұрғынынан үйде заңсыз сақтаған, ішкі істер органдарында тіркелмеген, шығу тегі белгісіз қару анықталды. Аталған азаматқа қатысты әкімшілік іс басталды, – дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, тексеру іс-шаралары барысында Шарбақты ауданының полиция қызметкерлері көші-қон заңнамасын бұзу фактісін анықтады. Тексеру нәтижесінде Өзбекстан Республикасының азаматы Қазақстан аумағында болу мерзімін асырып, ел аумағында 178 күн бойы заңсыз жүргені белгілі болды. Аталған дерек бойынша шетел азаматына қатысты әкімшілік іс қозғалды.

Полиция қызметкерлері халықпен профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда. Тұрғындармен кездесулер барысында жеке және мүліктік қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттілігі түсіндірілді.

Айта кетелік, тұрғын үй секторындағы қауіпсіздік тек құқық қорғау органдарының жұмысы ғана емес, азаматтардың өз жауапкершілігіне тікелей байланысты. Күдікті жағдайлар туралы полицияға дер кезінде хабарлау, қауіпсіздік шараларын сақтау және айналада болып жатқан оқиғаларға бейжай қарамау құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.