Павлодар облысында қараусыз қалған тағам үшін құтқарушылар қанша рет шақырылды?
Өрт сөндірушілер плита үстінде ұмыт қалған астың салдарынан туындайтын қауіп туралы ескертті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өрт сөндіру бөлімшелері асүйде қараусыз қалған тағамға байланысты жүзден астам шақыртуға шыққан.
Осындай жағдайлардың бірі 5 қарашаға қараған түні Павлодар қаласында тіркелді. Сағат 03:13-те құтқарушыларға Павлов көшесіндегі екі бөлмелі пәтерде плитаның үстінде тағамның қараусыз қалғаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер тамақ дайындау процесінің бақылаусыз қалғанын анықтады. Пәтерді жалға алушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 410-бабының бірінші бөлігі бойынша хаттама толтырылды.
Құтқарушылардың айтуынша, мұндай жағдайлар үлкен өртке ұласуы мүмкін. Майдың шамадан тыс қызуы, сұйықтықтың тасып төгілуі немесе тағамның күйіп кетуі түтіннің пайда болуына, тіпті өрттің шығуына әкеледі.
Әсіресе түнгі уақытта қауіп жоғары. Ұйықтап жатқан тұрғындар түтінді дер кезінде байқамай қалуы мүмкін.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға тамақ дайындау кезінде плитаны қараусыз қалдырмауды, пайдаланғаннан кейін оны міндетті түрде сөндіруді және жанына тез тұтанатын заттарды қоймауды ескертеді.
Сондай-ақ ақауы бар газ және электр құрылғыларын пайдаланбау, балаларды асүйде жалғыз қалдырмау ұсынылады.