Павлодардағы жаңа зауыт өнімін алты елге экспорттауды жоспарлап отыр

Павлодардағы жаңа зауыт өнімін алты елге экспорттауды жоспарлап отыр
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жоба аясында 200-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жуырда Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков зауыттың құрылыс жұмыстарымен танысып, кәсіпорынның алдағы жоспарларын білді. 

Қазіргі уақытта әкімшілік ғимарат толық салынып, қоймалар дайындалған. Қажетті техникалар, соның ішінде маневрлік тепловоз бен екі жүк тиегіш сатып алынған. Май өндіретін цехтың инфрақұрылымы ретке келтіріліп, тұйық теміржол жолдары қалпына келтіріліп, күрделі жөндеуден өткен. Сондай-ақ шатыр жабындысы сатып алынған.

Кәсіпорын өндірісті алдағы уақытта екі ауысыммен жүргізуді жоспарлап отыр. Жұмысшыларға қолайлы жағдай жасау үшін жатақхана дайындау жұмыстары да қолға алынған.

Бастапқы кезеңде май қаптамаларға құйылмайды. Дайын өнім арнайы ыдыстарға құйылып, теміржол цистерналары арқылы жөнелтіледі. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, өнімді өткізу бойынша алдын ала өтінімдер де бар.

Болашақта зауыт аумағында өнім құю желісін іске қосып, құрама жем өндірісін жолға қою жоспарланған. Бұл өнімді дүкен сөрелеріне шығаруға мүмкіндік береді.

Қала әкімі Хасар Хабылбековтің айтуынша, мұндай өндірістік жобалар қаланың өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Ол кәсіпорынның инвестициялық жобалар пулына енгізіліп, өнімді сауда желілеріне шығаруға қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Айта кетелік, Павлодарда салынып жатқан май экстракциялау зауыты өнімін Қазақстанмен қатар Қытай, Иран, Ауғанстан, Үндістан және Өзбекстанға жеткізуді жоспарлап отыр. Кәсіпорын тәулігіне 500 тонна шикізат өңдеуге қауқарлы болады.