Павлодар облысында мыс фольгасын өндіретін зауыт салынуы мүмкін

Павлодар облысында мыс фольгасын өндіретін зауыт салынуы мүмкін
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қазақстанда жаңа өндіріс орнын ашу үшін шетелдік компаниялар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Londian Wason New Energy Tech Inc. компаниясының бас директоры Чжоу Гуанлиньмен және NAIKAN Ltd. компаниясының басшысы Александр Нигаймен кездесті.

Келіссөз барысында тараптар Қазақстанда катодты мыстан фольга өндіретін зауыт салу мүмкіндігін талқылады. Мұндай өнім аккумуляторлар, энергия сақтау жүйелері мен заманауи электрондық жабдықтар өндірісінде қолданылады.

Жаңа кәсіпорын шығаратын мыс фольгасын Павлодар облысында жүзеге асырылып жатқан «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасы аясында пайдалану мүмкіндігі қарастырылуда.

Кездесуде отандық шикізатты қолдану, қазақстандық техникалық мамандарды даярлау және дайын өнімді халықаралық нарықтарға шығару мәселелеріне назар аударылды.

Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан Үкіметі шикізатты терең өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім өндіруге бағытталған жобаларды қолдайтынын атап өтті.

Келіссөз қорытындысында NAIKAN Ltd. және Londian Wason компанияларының басшылары Қазақстанда мыс фольгасын өндіретін зауыт жобасын бірлесіп жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойды.