Павлодарлықтарға вакцинация туралы SMS-хабарлама жіберіле бастады
Бұл тұрғындар мен ақ желеңділер үшін қолайлы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл 26 қазаннан бастап еліміздің барлық өңірінде тұрғындарға вакцинация туралы SMS-хабарламалар жолдануда. Хабарламада салынған вакцинаның атауы мен егілген күні көрсетіледі. Жаңа жүйе екпе туралы ақпаратты бақылауға және медициналық мәліметтердің дұрыстығын тексеруге мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, жаңашылдық ата-аналарға ғана емес, медицина қызметкерлеріне де қолайлы. Өйткені вакцинация туралы мәліметтер цифрлық жүйеде сақталып, қажетті ақпаратты жылдам көруге мүмкіндік береді.
– 1414 нөмірінен келетін хабарлама баланың заңды өкілі үшін де, вакцина алған ересек адам үшін де ыңғайлы. Бұл медицина қызметкеріне де тиімді. Ол цифрлық жүйе арқылы вакцинацияға қатысты барлық ақпаратты көре алады, – дейді Павлодар қаласындағы №5 емхананың жалпы тәжірибе дәрігері Анар Қадырова.
Жаңа жүйенің тағы бір маңызды ерекшелігі – вакцинация туралы жалған мәліметтерді анықтауға мүмкіндік беруі. Егер азаматқа немесе оның баласына іс жүзінде екпе салынбаған болса, бірақ вакцинация жасалды деген хабарлама келсе, бұл туралы 1414 нөміріне жауап SMS жолдау арқылы бірден хабарлауға болады. Келіп түскен ақпарат тексеру үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне жолданады. Осылайша, вакцинация туралы SMS-хабарламалар тұрғындарға екпе тарихын бақылауға, ал медицина саласының мамандарына мәліметтердің дұрыстығын қадағалауға мүмкіндік береді.