Павлодар облысында талайды сан соқтырған ұрылар ұсталды
Олардың бірнеше ұрлыққа қатысы болуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Криминалдық полиция қызметкерлері мал ұрлығын жасады деген күдікке ілінген топты қолға түсірді. Қаскөйлер аудан тұрғындарының үй жануарларын жүйелі түрде ұрлап отырған. Бірнеше ай ішінде күдіктілер мал ұрлығының 5-тен астам дерегіне қатысы бар. Олар көбіне жылқы мен ірі қара малды қолды етіп отырған.
– Жедел-іздестіру іс-шараларының кешені барысында барлық күдіктінің жеке басы анықталды. Тінту кезінде ұрланған екі жылқы, бес бас ірі қара мал, сондай-ақ көлік құралдары табылып, тәркіленді, – деді облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Жаслан Танжанов.
Төрт күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданса, бір күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберілген. Қазіргі таңда тергеу жалғасуда. Жедел уәкілдер күдіктілердің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр.
Ведомствода атап өткендей, жыл басынан бері Павлодар облысында мал ұрлығының 21 дерегі ашылып, 9 қылмыстық топтың мүшелері ұсталған. Заңды иелеріне 200-ден астам бас мал қайтарылды.
Аталған жағдайлардың барлығында малдың қараусыз жайылымда жүрген жерінен ұрланғаны анықталды. Бұл ұрлық қаупін едәуір арттырып, малдың жоғалғанын дер кезінде анықтауды қиындатады.