Павлодар облысының жолдарында қар басу учаскелері азайған

Павлодар облысының жолдарында қар басу учаскелері азайған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыста қар жинайтын техника жеткілікті көлемде дайындалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Ақылбек Баяхметов айтып берді.

– Өткен жылы жолдарда 257 қар басу аумағы болса, биыл 215-ке дейін төмендеді. Бұл аумақтардың жалпы ұзындығы 452 шақырымды құрайды, – деді ол. 

Биыл қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларды жою үшін тартылатын азаматтық қорғау қызметтері мен құралдарының жалпы топтамасы айқындалды. 

– Барлығы 172 техника дайындалды, оның ішінде 83-і – негізгі техника, 14-і – арнайы техника, 50-і – қосалқы техника және , 25-і – жедел құтқару жасағының техникасы, – деді спикер. 

Сондай-ақ, қысқы кезеңдегі төтенше жағдайында жұмыс істеу үшін 83 жолдан өту мүмкіндігі жоғары техника дайындалды. Оған автоцистерналар, вахтовкалар, жол талғамайтын болотоходтар жатады. 

– Қазіргі уақытта республикалық, облыстық аудандық маңызы бар жолдарда қар ұстайтын қалқандар орнату жұмыстары жүргізілуде. Ал жалпы ұзындығы 37 шақырым құрайтын аудандық маңызы бар жолдардағы 14 шақырым жол қорларының бойындағы бұталарды қопару жұмыстары жүргізілді, – деді Ақылбек Баяхметов.

Оның сөзінше, облыста 188 жылыту пункті бар. Қосымша жылыту пункттері ретінде екі трассалық медициналық құтқару пункті, 12 жол пайдалану учаскесі және үш мобильді пункт (вахталар) жұмыс істейді. Олардың жалпы сыйымдылығы 15 мың адамды құрайды.