Павлодарлық қоғам еріктісі: Сыбайлас жемқорлық тек ақша алумен ғана шектелмейді

Павлодарлық қоғам еріктісі: Сыбайлас жемқорлық тек ақша алумен ғана шектелмейді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол қандай да бір қызмет көрсету, мәртебе көтеру, саяси ықпал жасау формаларда болуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жастар бастамаларын дамыту орталығында «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында облыс бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті қалалық ҚР ІІМ оқу орталығының курсанттарымен кездесті.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту» атты кездесуде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Әсет Оспанов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер Гүлнар Есенова және Жанғазы Еркеғали, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орымбаев және өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Руслан Қарымсақов сөз сөйледі.

–  Шараның негізгі мақсаты – болашақ тәртіп қорғаушыларға сыбайлас жемқорлықты болдырмау жолдарын көрсету, – дейді Жанғазы Еркеғали.

Оның айтуынша, болашақ полицейлерге жемқорлықтың зиянын және ол тек ақша алумен ғана шектелмей, қандай да бір қызмет көрсету, мәртебе көтеру саяси ықпал жасау формаларда болуы мүмкіндігін түсіндірген жағдайда олардың жемқорлыққа қарсы тұру кездегі жұмыстарына пайдасы көп тиеді.

–  Сол себепті де біз осы кездесуде жастар өздері түсініп, қызмет барысында әділдікті өзінен бастаса екен деп үміттенеміз, – дейді ол.

Ол сыбайлас жемқорлық қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу немесе беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету және басқа осындай қылмыстардың барлығы сыбайластық жемқорлық байланыстарды пайдалану арқылы жасалатынын түсіндірді.

Жемқорлыққа қарсы ерікті болашақ полиция қызметкерлері өздеріне берілген парызды түсініп, ар-намыс, әділет ұғымы олар үшін бос сөз болмай, шын мәнінде күнделікті қызметінде адалдықты ұстануы керек деп есептейді.