Павлодарда әр замандағы кимешектер көрсетілді

Ит тақиядан бастап ақ кимешекке дейін көрсетілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қ. Әбусейітов атындағы мәдениет сарайында «Қазақ аналары – дәстүрге жол» РҚБ облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Ақ жаулығым киелі» облыстық ұлттық бас киім – кимешек байқауы өтті.
Оған өңіріміздің түкпір-түкпірінен кимешек киген әжелер мен ақ жаулықты аналар қатысып, өздерінің тіккен кимешектері мен бас киімдерін сынға салды.
– Бүгінгі күні жобаның іске қосылғанына бір жыл толды, осы уақытта облыстық дәстүрлі іс-шараларды ұйымдастырдық. Байқауға жиырмаға жуық ана қатысып, өздері жасаған қолөнерді көрсетті, – деді филиал жетекшісі Айжан Әпсаттарова.
Қолөнершілер өздері тіккен бұйымдарын сынға салғаннан соң, Ертіс-Баян өңірінде қырық жыл бойы ақ кимешегін басынан шешпеген Ырымтай Сапарбекқызының қазақи ұлттық киімдерінің үлгісі және шебер дизайнер Гүлайым Акумбаева тіккен бас киімдер сахнада көрсетілді.
Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан салт-дәстүрімізді насихаттап, қазақ әйелінің ерекше болмысын дәріптейтін іс-шара барысында қазақтың ұлттық сәні, шеберлік пен рухани байлығы көрініс тапты.
– Бұрынғы әйелдер киген кимешек пен қазіргі замандағы кимешектердің айырмашылығы үлкен. Бұрын аналар бір балалы болған соң арнайы кимешек киетін, апаларымыз кимешек кигенде басына 18 метр мата, беліне 20 метр мата орайтын болған. Кимешек беліне дейін жабылып тұратын, – дейді Баянауыл «Қазақ аналары - дәстүрге жол» бірлестігінің төрайымы Мәшіп Жами Ипатқызы.
Мәдениет үздігі атанған зейнеткердің айтуынша, қазіргі кездегі кимешек түрік ұлтының үлгісіне ұқсап барады. Көшпелі заманда ұрпақтарына көмек көрсету үшін әжелер басына беліне маталарды көп орап, біреу қайтыс болса, сол матамен ақтық сапарға шығарып салған, біреу босанса, сәбиді де сол матаға орап күтіп алатын болған. Ол кездері қазақтың әйелдері тек ақ түсті көйлек киген.
Айжан Әпсаттарова қатысушылар мен іс-шараларға белсенлі қатысып жүрген аналарды марапаттап, биылғы жылдың қортындысын шығарды.