Павлодарлықтарға Қаныш Сәтбаевтың Уинстон Черчилльмен кездескенде киген киімі таныстырылды

Павлодарлықтарға Қаныш Сәтбаевтың Уинстон Черчилльмен кездескенде киген киімі таныстырылды
Фото: автор

Баянауылдан «Қазақтың Қанышы» атты жылжымалы көрмесі келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада көрнекті ғалым-геолог, Қазақстан Ғылым Академиясының тұңғыш академигі және президенті, Қазақстанның геологиялық мектебі мен металлогениясының негізін қалаушы Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған "Ғылым күні" ұйымдастырылды.   

– Бүгін Баянауыл мемориалдық музейі қорынан құнды жәдігерлер әкелінді, – дейді кітапхананың басшысы Шолпан Шахметова.  – Сондай-ақ, қаланың жоғары оқу орындарының оқытушыларынан дәрістер, Павлодар география үйінің қорынан «Сәтбаев және тастар» экспозициясының тұсаукесері, Сәтбаевтың еңбектері мен ол туралы кітаптарға шолу-көрме ұйымдастырылды. 

Қаныш Сәтбаевтың  мемориалдық мұражайының әдіскері Гауһар Балабаеваның айтуынша, Қаныш Имантайұлының 125 жылдық мерейтойына орай жалпы облысымыздың, республикамыздың түкпір-түкпірінен жылжымалы көрме ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар көптеп түсіп жатыр. 

– Жалпы біздің мұражай қорында Қаныш Сәтбаевқа тиесілі 3200-ден аса жәдігер бар, – дейді  Гауһар Балабаева. – Оның ішінде 1600 данасы академиктің өзіне тиесі заттары. Бүгінгі көрмеге ұсынылған құнды жәдігерлердің бірі – 1947 жылы Англияға барған іс-сапарында, саясаткер Уинстон Черчилльмен кездескен кезде киген кашемир пальтосы, шляпасы, аяқ киімі. Қаныш Сәтбаевтің сол бейнесін көріп саясаткер қатты таңғалғанын бәріміз білеміз.  

Сондай-ақ, көрмеде геологтың костюмі,  мұражайға академиктің қызы сыйға тартқан домбырасы,  көзілдірігі, қаламы, шақшасы, жер астына түскен кезде басына киген каскасы, қолына ұстаған балғасы, бала күнінде тақымы тиген ертоқымы мен қамшысы сияқты  30 жәдігер назарға ұсынылды. 

– Алдағы күндері арнайы Алтынбек Нұхұлының шақыртуымен жылжымалы көрме Астана қаласындағы Ұлтық мұражайға жеткізіледі, – дейді мұражай әдіскері.  –  Павлодар қаласынан да көрмені ұзақ уақытқа әкелу бойынша  ұсыныстар түсіп жатса біз дайынбыз. Қаныш атамыздың өмір дерегін таныстырудан, насихаттаудан, дәріптеуден шаршамаймыз. 

Айта кетерлігі, былтырғы сәуір айы мен биылғы сәуір айын салыстырғанда Қаныш Сәтбаевтің  мемориалдық мұражайына келушілер саны артқан. 

Мерейтой аясында, маусым айында сабан той, сондай-ақ, мамыр айының аяғында халықаралық «Менің халқым менен әлдеқайда биік» атты конференция өткізілмек.