Павлодар облысында жылдық инфляция сегіз пайыздан төмен болды

Павлодар облысында жылдық инфляция сегіз пайыздан төмен болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірдегі бағаның жылдық өсімі республикалық көрсеткіштен төмен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазан айының қорытындысы бойынша Павлодар облысында жылдық инфляция 7,7 пайызды құрады. Бұл ел бойынша орташа көрсеткіштен 1,5 пайыздық тармаққа төмен.

Өткен жылдың қазанында өңірдегі инфляция 12,3 пайыз болған. Осылайша, бір жыл ішінде бағаның жылдық өсу қарқыны 4,6 пайыздық тармаққа баяулаған.

Қазақстан бойынша қазанда жылдық инфляция 9,2 пайызды құрады. Қыркүйекте бұл көрсеткіш 9,3 пайыз болған. Ал бір айдағы баға өсімі 0,5 пайызға жетті.

– Жылдық есепте азық-түлік тауарлары 7,6 пайызға, азық-түлік емес тауарлар 10,4 пайызға, ал ақылы қызметтер 10,3 пайызға қымбаттады, – делінген Ұлттық статистика бюросының хабарламасында.

Ел бойынша бағаның өсуіне азық-түлік пен коммуналдық қызметтер айтарлықтай әсер еткен. Атап айтқанда, бір жылда ет пен құс еті 8,6 пайызға, нан және нан өнімдері 9 пайызға, жұмыртқа 9,9 пайызға қымбаттаған.

Азық-түлік емес тауарлар арасында киім бағасы 11 пайызға, аяқкиім 11,1 пайызға, ал бензин 8,6 пайызға өскен. Ақылы қызметтер бойынша тұрғын үйді жалға алу құны 17,4 пайызға, электр энергиясы 7,9 пайызға, газ 30,2 пайызға қымбаттаған. Сонымен қатар кейбір тауарлардың бағасы төмендеген. Мәселен, жемістер, жидектер мен жаңғақтар 2,2 пайызға, қант 2,9 пайызға арзандаған.

Өңірлер арасында жылдық инфляцияның ең жоғары деңгейі Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді – 10,9 пайыз. Одан кейін Ақмола облысы – 10,8 пайыз және Жетісу облысы – 10,3 пайыз.

Ал ең төмен көрсеткіш Ақтөбе облысында байқалды – 7,5 пайыз. Павлодар және Маңғыстау облыстарында инфляция 7,7 пайызды құрады.

Ұлттық статистика бюросы инфляцияны есептеу кезінде еліміздің қалалары мен аудан орталықтарындағы сауда орындары мен қызмет көрсету нысандарында 537 түрлі тауар мен қызмет бағасын бақылайды.