«Қателігімді қайталама»: ішімдікке тәуелді павлодарлық өз оқиғасымен бөлісті
Ол алкогольдің тәуелділікке қалай ұласқанын баяндады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бірі жастайынан ішімдікке әуестенсе, енді бірі отбасынан, денсаулығынан айырылуға шақ қалған. Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы Павлодар филиалының әлеуметтік-психологиялық зертханасының психологы Алеся Ларинаның айтуынша, жастар алкогольді есеюдің, демалудың немесе күйзелістен арылудың бір жолы деп қабылдайды. Алайда оның соңы тәуелділікке әкелуі мүмкін екенін көбі ескере бермейді.

– Бүгінгі таңда жастар арасында ащы су мен есірткіні бірге тұтыну жағдайы екі есе артып отыр. Өкінішке қарай, қыз-жігіттер тәуелділіктің қалай қалыптасатынын түсінбейді. Ішімдікті анда-санда тұтынудың еш қаупі жоқ деп ойлайды. Ал бізге көбіне денсаулығы сыр беріп, тәуелділік қалыптасқан кезде ғана келеді, – деді Алеся Ларина.
Оның сөзінше, бұрын алкогольге тәуелділікпен көмекке жүгінетіндердің басым бөлігі 40-45 жаста болса, қазір олардың қатарында 22 жастағы жастар да бар. Бұған достар ортасы мен әлеуметтік жағдайдың ықпалы байқалады.

– Мәселен, 25 жастағы жігіт әскерде борышын өтеп, спортпен айналысқан, тұрақты жұмысы болды. Алайда араласқан ортасының әсерінен алдымен алкогольге, кейін тыйым салынған заттарға әуестенген. Ақыр соңында ем қабылдауға шешім шығарып, үш айлық оңалту бағдарламасынан өткен. Қазір оның жағдайы жақсарып, қалыпты өмірге оралуға талпынып жүр, – деп толықтырды маман.
Ал 39 жастағы Мақсаттың (аты-жөні өзгертілген) алкогольмен әуестігі 13 жасында басталған. Алғашында сирек тұтынғанымен, студенттік жылдарда бұл әдет жиілей түскен. Кейін корпоративтік кештер мен отырыстар тұрақты ішімдік ішуге ұласып, тәуелділік басталған. Отбасындағы қиындықтар мен ажырасу да жағдайын ушықтырған. Осыдан кейін ол мамандардың көмегіне жүгінген.

– Қазір жағдайым жақсы. Ем қабылдап жүрмін, мамандар көмектесіп жатыр. Өзімді басқа қырымнан таныдым. Сурет салуға қабілетім бар екенін білдім. Алдағы уақытта емімді аяқтап, бәрін жаңадан бастағым келеді. Алкоголь өмірімді бүлдірді. Басқалардың менің қателігімді қайталағанын қаламаймын, – дейді Мақсат.
Павлодардағы психикалық денсаулық орталығында тәуелділіктен арылу бірнеше кезеңмен жүргізіледі. Алдымен адамның денсаулығын қалпына келтіруге көңіл бөлініп, кейін психологиялық қолдау мен қоғамға қайта бейімдеу жұмыстары жалғасады. Емнен өткен азаматтар да өз тәжірибесімен бөлісу үшін қазіргі пациенттермен тұрақты кездесіп тұрады.
Айта кетелік, Павлодар облысында жыл басынан бері 695 адам ем қабылдаған. Мамандар алкогольге тәуелділіктің алғашқы белгілерін елемей, дер кезінде көмекке жүгінуге шақырады.