Павлодарда алғаш рет еліміздің колледж басшылары бас қосты (ВИДЕО)

Павлодарда алғаш рет еліміздің колледж басшылары бас қосты (ВИДЕО)
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Б. Ахметов атындағы педагогикалық жоғары колледжде жыл сайынғы республикалық тамыз кеңесі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Жиын барысында Қазақстандағы техникалық және кәсіптік білім беру мәселесі талқыланды. Мұндай іс-шара алғаш рет бір уақытта 20 өңірде түрлі бағытта өткізілуде. Павлодар облысы үшін техникалық кәсіптік білім беру тақырыбы таңдалды, себебі өңірде  өнеркәсіп саласын дамыту бойынша үлкен тәжірибе жинақталған. 

– Біздің міндетіміз – елімізде техникалық кәсіптік білім беруді одан әрі дамыту жолдарын бірлесіп әзірлеу, – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі ТжКБ департаментінің директоры Серік Жартыбаев. –Көптеген мәселелер шешуді талап етеді, соның ішінде оқу процесін дамыту, дуальды білім беру, менеджмент, жаңа кадрлық резервті қалыптастыру сұрақтары бар. Техникалық және кәсіптік білім беру саласы басшыларына жаңаша ойлау әдісін қарастыру керек. 

Департамент директорының айтуынша, күн тәртібінде колледждерді материалдық-техникалық жарақтандыру, педагогтардың жалақысы, жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі қарастырылады.

–  Техникалық және кәсіптік білім беру саласында қаржыландыру төмен. Жалақыны жан басына шаққандағы қаржыландыру арқылы арттыруға болады. Министрлік осы бағытта жұмыс істеп жатыр, – дейді Серік Жартыбаев.

Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары Қазақ педагогикалық колледжінің басшысы Нұртас Ахаттың пікірінше, педагог мәртебесін жаңа деңгейге көтеру, заманауи колледжді ЖОО-ға интеграциялау мәселелерін талқылау қажет.

–  Мемлекет 9 және 11-сыныптарды бітірген 16-18 жас аралығындағы жастарға алғашқы жұмыс кәсібін тегін алуға мүмкіндік береді, – деді Алматы Халықаралық бизнес академиясы колледжінің директоры Альфия Хисматуллина. – Бұл олар үшін өмірде жақсы жолдама болады. Ал жастардың көптеген қызықты стандартты емес идеялары бар.

 Тамыз кеңесіне Альфия Хисматуллинамен бірге студенттерінің бірі келді. Ол Digital-marketing бағытында өз ісін ашқан. Бұл –  техникалық білім негізінде кәсіпкерлік дағдыларды дамыту жолын көрсетудің  жарқын үлгісі. 

Аталған оқу орны жыл сайын «Мен кәсіпкермін» республикалық гранд-турнирін өткізеді. Өткен жылы  300-ге жуық студенттік жоба ұсынылып, үздіктерге дипломдар мен грамоталар табысталған.

– Павлодарлық студенттер турнирге өте белсенді қатысады, - деді Альфия Хисматуллина. – Қазір жаңа сала – технологиялық кәсіпкерлік дамуда, ал Павлодар бұл салада өте мықты идеяларды ұсына алады. 

Тамыз кеңесіне 600-ден астам адам қатысуда. Олардың ішінде ҚР Президенті әкімшілігі, Үкімет аппараты, ҚР Парламенті, Ұлттық құрылтай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «Talap» КЕАҚ өкілдері, сондай-ақ еліміздің ТжКБ басшылары.

Павлодар колледждерінің базасында білім беруді трансформациялау, трендтер, кәсіптік білім беруді дамыту үшін бизнеспен әріптестік туралы төрт секциялық отырыс өтеді. Сондай-ақ оқу ортасын жақсарту бойынша тәжірибелер мен стратегиялар және колледжді басқару тәсілдері талқыланады. Негізгі мақсат – кеңеске қатысушыларды ТжКБ саласын дамытудың негізгі трендтері мен мүмкіндіктерімен таныстыру, кадрларды даярлаудағы проблемалық мәселелерді талқылау және оларды шешу үшін ұсынымдар қабылдау.