Аққулы ауданы қолөнершісінің шапандары Астанада сән көрсетілімде таныстырылды
«Қолөнер және мәдениет» республикалық қолөнершілер көрме-фестивалінде өңірімізден жеті қолөнерші қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
Аталмыш іс-шара ҚР Президентінің мұражайында «URSYK» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті. 12 облыстан 60-тан астам қолөнерші қатысты. Олардың ішінде Аққулы ауданының колөнершісі, «Асыл шебер» үйірмесінің негізін қалаушы Айымгүл Омарханова және қолөнерші Ошал Жанай өз өнімдерін паш етті. Шебер көрмеге 10 шапан және 20-дан аса зат ұсынды.
– «ArtSport» бағдарламасы бойынша Аққулы ауданы мектебінде үйірме ашып, балаларға қазақ халқының сәндік-қолданбалы қолөнерінің қыр-сырын үйретіп келе жатырмын. Қолөнер шыдамдылыққа, төзімділікке үйретеді, – дейді қолөнерші Айымгүл Омарханова.
Фестиваль кезінде Айымгүл Омарханованың шапандар топтамасы арнайы сән көрсетілімінде көрсетілді. Қолөнерші «URSYK» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстанның белгілі этнодизайнері Бибігүл Карденованың атынан куәлік, Алғыс хатпен, төсбелгімен марапаттады.
– Барлық жұмыстар жүннен жасалды. Ата-бабаларымыз жүн арқылы алаша тоқыған, қоржындарды қабырғаға іліп, картиналар жасаған. Павлодарлықтар қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын білмейді деген ойды жоққа шығарғымыз келеді, – дейді шебер.
Іс-шара барысында әжелер, қыз-келіншектер бас киімдерін киіп, әр облыс жүн түстері бойынша отырып ұршық иірген, өз тәжірибелермен бөліскен.
Еске сала кетейік, қолөнерші декретте отырған аналар үшін тігін тігу бойынша тегін шеберлік сағатын өткізеді. Ол алдағы уақытта қазақтың төл мәдениеті мен өнерін жаңғыртуды жалғыстырмақ.