Павлодарда бұрынғы нашақор студенттерге ащы шындықты айтып берді

Павлодарда бұрынғы нашақор студенттерге ащы шындықты айтып берді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Профилактикалық кездесу экономика және коммуникациялар жоғары колледжінде өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жиынның басты спикері – Кенже есімді бұрынғы нашақор жігіт. Ол студенттерге есірткіге қалай тәуелді болғанын және сол «тұңғиықтан» шығудың қаншалықты азапты екенін жасырмай жайып салды. Оның айтуынша, тәуелділік басталған сәтте адам өз болмысынан айырылып, тек кезекті дозаның құлына айналады.

– Мен тәуелді болған кезде өзіме өзім тиесілі болмадым. Тәуелді адам доза табу үшін бәріне барады: өтірік айтады, ұрлық жасайды. Отбасың, денсаулығың мен сенім – соның бәрі есірткінің құрбаны болады. Ал оңалтудан өткен соң қоғамға қайта бейімделу өте қиын. Дүние асты-үстіне түсіп, бәрі сенен теріс айналғандай күй кешесің. Жігіттер, жастық шақтарыңды умен қор қылмаңдар. Бұл – нағыз қорқыныш, – деп ағынан жарылды Кенже.

Қалалық ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі аға жедел уәкілі Эльмира Сейтахметованың айтуынша, көп жағдайда ата-аналар баласының бойындағы өзгерістерді «өтпелі кезеңге» балап, мәселені мойындағысы келмейді. Оқуға ынтаның жоқтығы, енжарлық пен басқаруға көнбеу – тәуелділіктің алғашқы белгілері болуы мүмкін.

Тәртіп сақшылары «Заң және тәртіп» қағидаты аясында мұндай кездесулерді тұрақты өткізіп келеді. 

– Мақсат – жастарға есірткінің нақты салдарын өмірден алынған шынайы оқиғалар арқылы түсіндіру, – дейді ведомствода.

Полиция өкілдері ата-аналарды бала мінезіндегі кез келген күдікті өзгеіске бей-жай қарамай, қажет жағдайда дереу мамандар мен құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады.