Павлодарда бағдарынан айырылған жігіт сегіз сағаттан соң табылды
Ол бұған дейін де жоғалған, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Vita еріктілерінің айтуынша, 14 қыркүйек күні Мұхаммед есімді жігіт үнемі қасында бірге жүретін інісімен бірге «Баянауыл» мәдени-бос сауық орталығына кино көруге барған. Киноның орта тұсында дәретханаға шығып кеткен. Әрі қарай әдемі бутиктер мен балалар аттракционын көріп, ұстай бастаған. Сол кезде күзетші келіп, оны есірткі шегіп алған деген оймен қызметкерлерді шақырып, қоғамдық орыннан қуып шыққан.
– Batyr mall-дың ғимаратынан ғана емес, аумақтан тыс, жолға қарай шығарып жіберген. Сол сәтте олардың қалай әрекет еткені және не айтқаны белгісіз. Себебі, олар полиция қызметкерлеріне болған оқиғаның видеосын көрсетуден бас тартқан. Жігіттің жылаған анасына тек жарты бөлігін ғана көрсетті. Ол видеода үнемі артына қарап, інісін іздеп тұрды. Аллаға шүкір, сегіз сағаттан соң аман-есен табылды. Ал сол уақытта небір қиын жағдай орын алуы мүмкін еді, – дейді еріктілер.
Жігіт осыдан төрт жыл бұрын жоғалып кеткен. Бағдарынан айырылған тұрғын екі-үш күннен кейін ғана ашығып қалған халде табылған. Ем шараларынан кейін қайтып жоғалмаған.
– Қалайша ауыратын жігітті нашақор ретінде қабылдауға болады? Неге оны қауіпті қылмыскер сияқты ғимараттың ішінен ғана емес, Қамзин көшесіне дейін шығарып жіберген? Неліктен жағдайдың мән-жайын анықтау үшін полиция шақырмаған? – дейді іздеушілер.
Еріктілер байғұс ана баласын ойлап, көз жасын тыя алмағанын, ал Мұхаммед тонып қалып, күйзелісті бастан өткергенін айтады.