Павлодарда белгілі сатириктің қызы әкесі туралы естеліктермен бөлісті
С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Жауқазын жырдың жүрегі» атты әдеби-танымдық конференция өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, педагогика саласының ардагері, әңгіме, повесть, өлеңдер мен сатиралық қаламгер Сүлеймен Баязитовтің 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған іс-шараға зиялы қауым, жергілікті қоғам қайраткерлері, журналистер мен оқырмандар және жазушының ұрпақтары мен жиендері қатысты.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан сөз сөйлеп, жазушының жарына арнаған сый-сыяпатын қызына табыстады.
Сүлеймен Баязитовтің тырнақалды шығармалары сонау 1963 жылдары Баянауыл аудандық «Жеңіс» газетінде жарияланған. Сол уақытта совхозда шопанның көмекшісі болып жүрген бозбала Сүлеймен кейін әскерге алынып, қайтып келген соң біржола шығармашылық жолға түседі. Аудандық газеттен еңбек жолын бастап, кейін талай жылдар Павлодардың облыстық газетінде қызмет істеген, жай ғана қатардағы журналистердің бірі болып қалып қоймай, үнемі ізденіс үстіңде жүретін қаламгердің тұңғыш өлеңдер жинағы «Бастау» деген атпен 1979 жылы жарық көрген.
Жазушы шығармашылығындағы басты жанр – әңгіме, повесть, өлеңдер мен сатиралық шығармалар. «Тамыздағы тамық» повестері, «Жасыбай батыр», «Арылу», «Көлеңке» әңгімелері жарық көрді. 18 ғасырда өмір сүрген қазақтың әйгілі батырларының бірі Ер Жасыбай туралы 2004 жылы Сүлеймен Баязитовтің «Жасыбай батыр» атты жинағы шықты.
– Әкемнің жазған жазуын көбі тани бермейтін, анам көшіріп жазып, өңдеп болған соң баспадан шығаруға отбасымыздағылар қосылып, қаржы жинап шығаратын едік, – дейді қаламгердің қызы Сәуле Сүлейменқызы.
Жазушының қызы әкесінің балаларын инабатты, әдепті болуға тәрбиелегенін айтып өтті әрі анасының зейнетақысын жинап, әкесінің кітабының шығуына өз үлесін қосатынын да жасырмады.
Қаламгерді көзімен көрген кісілер жазушының тек проза жанрында ғана емес, ақындық өнері, оның ішінде балалар тақырыбына арнаған дүниелері бір төбе екенін еске алды. Мысалы, «Бала Мәшһүр», «Балаларға базарлық: балабақша балаларына арналған өлең-әндер», «Бәлду, бәлду - бәрі өтірік» және т.б. оның риясыз, тап-таза бала әлемін жырлаған мөлтек туындылары, аудармалары, тіпті, үлкендерді де қызықтырады.
Сонымен қоса облыстық кітапхананың балалар оқу орталығына ақын ағамыз Сүлеймен Баязитовтің есімінің берілуі – жазушының өнері мен қоса өзін бағалау.
Іс-шара соңында облыстық «Сүлеймен Баязитов оқуларының» жеңімпаздары марапатталады.