Павлодар облысында республикалық ақындар айтысы өтеді
Бұл шара Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165 жылдығына орай өткізілмек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы орталығының мәліметінше, 11-12 тамыз күндері қазақылықтың қаймағы кетпеген Баянауыл ауданында ақындар айтысы болады. Айтыс екі күнге жалғасады. 11 тамызда сағат 15:00-де Баянауыл аудан орталығының мәдениет үйінде сөз сайысының іріктеу кезеңі басталады. Ал Ескелді алқабында 12:00-де мәре айтыс жоспарлануда.
– Жыр додасына елімізге танымал Бекарыс Шойбеков, Аспанбек Шұғатаев, Нұрмат Мансұров, Дидар Қамиев, Рауан Қайдаров сияқты айтыскерлер қатысады, – делінген хабарламда.
Айта кетер жайт, Түркістан қаласының тумасы, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков Павлодар облысында бірінші рет айтысқалы жатыр.
Бұдан бөлек, айтыс өтетін күні Баянауылда республикалық жыршы-термешілердің байқауы да ұйымдастырылатын болады.