Павлодарда Президент Жолдауындағы су ресурстарын басқару мәселелері талқыланды

Жерасты суын да тиімді қолдану жолдары қарастырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауда көтерілген мәселелердің ішінде су ресурстарын басқару ерекше маңызға ие. Себебі Қазақстандағы ірі өзендердің басым бөлігі трансшекаралық болып табылады. Бұл өз кезегінде су сапасын бақылау, тиімді пайдалану және көршілес мемлекеттермен келісімдер арқылы шешуді қажет етеді.
– Су – тіршіліктің көзі. Президентіміз Жолдауында су шаруашылығының маңызын ерекше атап өтті. Бұдан былай мәселені жеке-жеке шешу емес, кешенді түрде қарау қажет. Осы мақсатта 2023 жылы су ресурстарын басқару тұжырымдамасы қабылданды. Қазір бұл бағытта министрліктер де, жергілікті атқарушы органдар да жұмыстар жүргізіп жатыр, – деді Ұлы Ертic қауымдастығы» қоғамдық бірлесітігінің төрағасы, су шаруашылығы саласының ардагері Қазымбек Баймағамбетов.
Оның айтуынша, Ертіс – Қазақстандағы ең үлкен өзендердің бірі, облыс тұрғындары мен кәсіпорындарының негізгі су көзі болып табылады. Жерасты сулары да қосымша ресурс ретінде қарастырылуда.
– Павлодар өңірінде жер асты сулары кеңінен пайдаланылмайды. Бірақ олардың қоры бар, әсіресе Успен және Шарбақты аудандарында. Бұрынғы кеңес дәуірінде зерттеу жұмыстары жүргізілген. Қазір сол материалдар жинақталып, жаңа тұжырымдамаға енгізіліп жатыр. Осылайша жерасты суын да тиімді қолдану жолдары қарастырылуда, – деді Қазымбек Баймағамбетов.
Ол су ресурстарын басқару тек экологиялық немесе техникалық мәселе емес, ол сонымен қатар экономиканы қайта құру мен кадрлық саясатпен де тікелей байланысты екенін атап өтті.