Иса Байзақовтың 125 жылдығы Ертісте өтеді: тәртіп – полиция назарында

Павлодар облыстық полиция департаменті күшейтілген режимде жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
25 шілде күні Ертіс ауданында қазақтың көрнекті ақыны, композиторы және қоғам қайраткері Иса Байзақовтың 125 жылдығына арналған кең ауқымды этномәдени шара өтеді. Бағдарлама аясында этноауыл құрылып, көкпар, қазақ күресі және бәйге сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады. Сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан және Моңғолия ақындарының қатысуымен халықаралық айтыс өтеді.
Этноауыл аумағында қолөнершілер мен суретшілердің көрмелері, киіз үй-музейлер, сондай-ақ отандық эстрада жұлдыздарының және өңірлік шығармашылық ұжымдардың концерті жоспарланған.
– Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыстық полиция департаменті күшейтілген режимде жұмыс істейтін болады. Тәртіп сақшылары іс-шара өтетін аумақта және оған жақын жерлерде кезекшілік атқарып, жол қозғалысын реттеуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтарға көмек көрсетуге ерекше назар аударады, – деді департаментте.
Полиция қызметкерлері азаматтарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады: жеке заттарды қараусыз қалдырмауға, жол қозғалысы ережелерін сақтауға және балалармен кездесетін орынды алдын ала келісуге кеңес береді.