Павлодарда сот «дропперден» алаяқтар ұрлаған миллиондарды өндіріп алды
Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқасы алаяқтардың құрбаны болған тұрғынның пайдасына шешім шығарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оқиға 2025 жылдың қыркүйек айында болған. Белгісіз тұлғалар өздерін құқық қорғау және банк қызметкерлері ретінде таныстырып, Павлодар тұрғыны Т.-ны несие алуға көндірген. Алаяқтарға сенген азамат «қауіпсіз шоттарға» жалпы сомасы 13 850 000 теңге аударып жіберген.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу кезінде ұрланған қаржының бір бөлігі, атап айтқанда екі миллион теңгесі Ш. есімді азаматтың банк шотына түскені анықталды. Жәбірленуші мен шот иесі арасында ешқандай таныстық немесе іскерлік байланыс болмаған.
Бірінші сатыдағы сот бұл соманы «негізсіз баю» деп танып, оны жәбірленушіге қайтару туралы шешім шығарды. Алайда жауапкер бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген.
Сот алқасы істі қайта қарап, жауапкердің «бұл ақшаны пайдалануға қатысым жоқ» деген уәжін негізсіз деп тапты. Заң бойынша, егер азамат өзге біреудің қаржысын ешқандай келісімшартсыз немесе заңды негізсіз иемденсе, оны иесіне қайтаруға міндетті.
Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, алқа шешімімен бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгеріссіз қалды. Енді шот иесі екі миллион теңге мен сот шығындарын жәбірленушіге төлеуі тиіс.
Қаулы заңды күшіне енді.