Павлодарлық дәрігерлер: Жас аналар сүт қоспаларына басымдық беріп отыр

Ал бұл шешім баланың денсаулығына әсер етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
1–7 тамыз аралығында жыл сайын әлем бойынша Дүниежүзілік баланы емізу апталығы аталып өтеді. Бұл кезең – аналар мен қоғамға сәбиді ана сүтімен емізудің маңыздылығы мен пайдасын түсіндіруге арналған жаһандық қозғалыс. Павлодар қаласындағы №5 емханасының мамандары бұл бастаманы белсенді қолдайды.
– Ана сүтімен қоректендіру – тек баланы тамақтандыру емес, бұл ана мен бала арасындағы өмірлік байланыс. Ол баланың иммунитетін күшейтеді, ананың денсаулығын жақсартады, – дейді қалалық №5 емхананың әйелдер кеңесі бөлімінің меңгерушісі Ирина Шмакова.
Дәрігерлердің айтуынша, емшекпен емізудің пайдасы көптеген деңгейде байқалады. Нәресте үшін алғашқы алты айда ана сүті өмірлік маңызы бар барлық дәрумендер мен микроэлементтердің көзі болып табылады. Ол респираторлық, асқазан-ішек ауруларынан қорғайды, иммунитетті қалыптастырады.
Ананың босанғаннан кейін қалпына келу процесін жеңілдетіп, жатырдың жиырылуын, салмақтың реттелуін, жүрек-қан тамырлары аурулары мен сүт безі қатерлі ісігінің алдын алуға сеп болады.
– Біз, дәрігерлер, емшекпен емізуді кемінде 2 жылға дейін жалғастыруға кеңес береміз. Бұл бала үшін де, ана үшін де аса пайдалы кезең, – дейді маман.
Соңғы кезде көптеген жас аналар баланы емізуден бас тартып, сүт қоспаларына көшу үрдісі байқалып отыр. Дегенмен, бұл таңдау көбінесе ақпараттың жетіспеушілігінен, физикалық немесе психологиялық қолдаудың болмауынан туындайды деп есептейді дәрігер.
– Жас аналар баланы қоспамен тамақтандырғанда баланың иммундық жүйесі әлсірейді, ол жиі ауырады. Мұндай шешім болашақ денсаулығына әсер етеді, – дейді Ирина Шмакова.
Ана сүтімен қоректендіру – табиғаттың аналарға берген баға жетпес сыйы. Ол баланың физикалық және психологиялық дамуына, ананың денсаулығына тікелей әсер етеді. Сондықтан дәрігерлер барлық аналарды осы табиғи әрі қауіпсіз тамақтандыру әдісін қолдауға шақырады.