Павлодарда сахна саңлақтары марапатталды

Бүгін облыстың төрт мыңнан астам мәдениет қызметкері кәсіби күнін атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақ басшысы Асайын Байханов елді рухани байытып, өнеріміз бен мәдениетімізді дәріптеген жандардың еңбегін зор бағалайтынын жеткізді.
– Мереке, демалыс күндері өз уақыттарын қиып, халыққа мерекелік жақсы көңіл-күй сыйлайсыздар. Қоғамның бай мәдени өмірінің шымылдығында, кейде көпшілікке көрінбейтін сіздердің дайындық пен еңбектеріңіз қалады, – деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мәдениет пен өнерді таяу жылдарда дамыту тұжырымдамасын қабылдағанын атап өтіп, мәдениет нысандары мен олардың ұжымдарын жан-жақты дамытуға үлкен көңіл бөлетінін жеткізді. Әрі соңғы екі жылда 30 мәдени нысан күрделі жөндеуден өтіп, сегіз жаңа мәдениет үй салынғанын айтты.
Әкім биыл облыс орталығындағы негізгі сегіз кітапхананы кешенді түрде жаңғырту, сондай-ақ, жаңа «Достық» шағын ауданында 1500 орындық концерт залы бар Конгресс-холлдың ірі нысанының құрылысын бастау міндеті тұрғанын баяндады.
Шарада мәдениет саласында аянбай еңбек етіп жүрген қызметкерлерге ордендер, медальдар, Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталары табыс етілді.
«Құрмет» орденімен Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының джаз оркестрінің жетекшісі Виктор Шейкин мен Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ-драма театрының әртісі Атымбек Талжібек марапатталды.
– Биылғы жылы көптеген мәдениет қызметкерлерінің марапатқа ие болғанына қуаныштымын. Менің ойымша, бұл әрқашан осылай болуы керек, өйткені біз адамдарға қуаныш сыйлауға тырысамыз және оларға демалуға және жаңа театр және музыкалық шығармалармен танысуға мүмкіндік береміз, – деді Виктор Шейкин.
Айта кетейік, материалдық-техникалық базаның жақсаруына байланысты облыстық филармония, Чехов атындағы драма театры және «Шаңырақ» мәдени-демалыс орталығы автобус алады. Жабдықтардың сертификаттарын салтанатты түрде тапсыру жоспарланған.