Павлодарлық бишілер Халықаралық турнирдің жүлдегерлері атанды
Олар бұл байқауда бірнеше бөлім бойынша өнер көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өнерпаздар Астана қаласында өткен «Asian Grand Prix-2023» Әлем чемпионатында бақ сынады. Жұптық жарыста билеген Нұрасыл Қанат пен Інжу Рахым бірнеше бөлім бойынша сынға түсті.
– Мен бес жасымнан бері бимен айналысамын. Байқау өте тартысты өтті. Байқауда өзімізден үлкен қарсыластармен сынға түскен соң қиынға түскені жалған емес. Алайда өзімізді жақсы деңгейде көрсеттік деп айта аламын. Жаттықтырушыларымызға алғысымды білдіремін, – дейді биші Нұрасыл Қанат.
Байқау қорытындысы бойынша жерлестеріміз латын-америка стиліндегі би бөлімінде қола жүлдені қанжығаласа, европалық бөлім бойынша үздік саналып, бірінші орын иегерлері атанды.
Айта кету керек, бұл байқауда бишілер жоғары жастағы бишілерге қарсы өнер көрсетті.