Руханият темірқазығы: Павлодарда зиялы қауым өкілдері ұлықталды

Руханият темірқазығы: Павлодарда зиялы қауым өкілдері ұлықталды
Фото: Валерий Бугаев

Достық үйінің төрінде өткен дәстүрлі кездесуде аймақ басшысы Асайын Байханов мәдениет пен өнер майталмандарының басын қосты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл сайынғы есепті кездесуді ашқан өңір басшысы аймақтың жоғары шығармашылық әлеуетін және жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастырудағы зиялы қауымның айрықша рөлін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мәдениет – жай ғана ғимараттар мен мекемелер емес, бұл ұлттық сананы нығайтатын берік негіз екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Биылғы жылдың өңір үшін мәдени тұрғыдан табысты болғанын айтуға толық негіз бар және мұны нақты нәтижелер де дәлелдеп отыр, – деді Асайын Байханов.

Инфрақұрылымдық даму тек құрылыспен шектелмейді. Биыл өңірдегі жетекші театрлар мен филармониялардың автопаркі жаңа автобустармен толығып, кітапханалар заманауи кейіпке енді. Әсіресе, мұражайлар ісіне жан бітіп, Мәшһүр Жүсіп Көпеев мемориалдық кешені мен Потанин атындағы музей жаңартылды. Бұл істе мемлекеттік бюджетпен қатар, ірі кәсіпорындар мен демеушілердің де қолтаңбасы сайрап жатыр.

Биылғы жыл мерейтойларға да бай болды. Абай Құнанбаевтан бастап, Шахимардан Әбіловке дейінгі ұлт мақтаныштарының есімі ұлықталып, Антон Чехов театры 80 жылдығын атап өтті. Ал Екібастұздағы жаңа театрдың шымылдығы түрілуі – өнерсүйер қауым үшін нағыз тарту болды. Жыл бойы өткізілген 30 мыңнан астам шара мен алты бірдей дүбірлі айтыс өңірдегі мәдени өмірдің тамыры бүлкілдеп соғып тұрғанының айқын дәлелі.

– Мен талантты жерлестеріміздің жетістіктерінен хабардармын және олардың халықаралық және республикалық деңгейдегі табыстарына қуаныштымын, – деді Асайын Байханов.

Алдағы жоспарлар да қомақты. Келер жылы Мичуринода жаңа мәдениет үйі ашылып, бірнеше ауданда күрделі жөндеу жұмыстары жалғасады. Ең басты жаңалық – Павлодардың «Достық» шағын ауданында 1 500 орындық еңселі Конгресс-холлдың құрылысы басталмақ. Бұл нысан аймақтың басты мәдени хабына айналады деп күтілуде.

Кездесу соңында облыс әкімі шығармашылық иелеріне «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері мен арнайы әдеби сыйлықтарды табыс етті. Өз кезегінде зиялы қауым өкілдері аймақ басшысына ақ батасын беріп, мәдениетті қолдау бағытындағы жаңа бастамаларына ризашылықтарын білдірді.