Павлодарда табиғи өртті ерте анықтау жүйесі күшейтілді
Дрондар мен камералар тәулік бойы бақылауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденовтің айтуынша, табиғи өрттерді сөндіруге өңір бойынша 71 бірлік техника мен 117 адам дайын тұр. Сонымен қатар, өрт сөндіру құрылғылары, мотопомпалар және өзге де арнайы құралдар жеткілікті.
– Облыс бойынша резервтік жиынтық колонна құрылды. Оның құрамында өтімділігі жоғары 35 бірлік өрт және қосалқы техника бар. Қажет болған жағдайда бұл топ облыстың кез келген ауданына жедел жіберіледі, – деді ол.
Өңіраралық табиғи өрттерге ден қою үшін арнайы топ жасақталған. Ол Ақмола, Қарағанды, Абай облыстары, сондай-ақ Ресейдің Алтай өлкесі және Новосібір облысымен өзара іс-қимыл жасауға әзір. Топ автономды режимде үш тәулікке дейін жұмыс істей алады.
– Табиғи өрттерді ерте анықтау үшін күн сайын ғарыштық мониторинг жүргізіледі. Бұл мақсатта «Ғарыш Сапары», төтенше жағдай министрлігінің жүйелері және «Ертіс орманы» мекемесінің Smart Ertis ерте анықтау жүйесі пайдаланылады. Мониторинг нәтижесінде өрттің орны мен аумағы анықталып, оқиға орнына азаматтық қорғау күштері жедел жіберіледі, – деді Қайрат Шаймарденов.
Қазіргі уақытта департаменттің қарамағында сегіз ұшқышсыз ұшу аппараты бар. Олар табиғи өрттерді бақылаумен қатар судағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, балалардың терезеден құлау фактілерінің алдын алуға және профилактикалық жұмыстарға қолданылады. Дрондарға орнатылған дауыс зорайтқыштар арқылы тұрғындарға ескерту хабарламалары жеткізіледі.
– Департамент тарапынан барлық елді мекендер мен орман шаруашылықтарының карталары әзірленді. Онда орманшылықтар, кварталдар, өрт сөндіру бекеттері, ерікті өртке қарсы құралымдар, орман өрт станциялары, су алу орындары және қолда бар күштер мен құралдар толық көрсетілген. Бұл табиғи өрттерді сөндіру кезінде өзара іс-қимылды айтарлықтай жеңілдетеді, – деді орынбасар.
«Ертіс орманы» мекемесінің 23 бейнебақылау камерасы облыстық төтенше жағдай департаментінің кезекші-диспетчерлік қызметімен және төтенше жағдай министрліктің орталық аппаратымен біріктірілген. Соның нәтижесінде табиғи өрттер үш деңгейде бақыланып, оларды ерте анықтау мүмкіндігі артқан.
Қазір Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде сегіз бейнекамера сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Сынақ аяқталғаннан кейін бұл жүйе де департаменттің кезекші қызметіне қосылады.