Павлодарда тың игеруге қолданылған құрал-жабдықтар көрмеге қойылды

Павлодарда тың игеруге  қолданылған құрал-жабдықтар көрмеге қойылды
Фото: автор

Г. Н. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде тың игерудің 70 жылдығына орай «Ертіс өңірінде тың игеру» тақырыбында көрме өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында тың жерлерді игеру 1954 жылы басталды. Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен құрылыс материалдары, құрама-қалқан үйлері, ауыл шаруашылығы техникасы, жылжымалы электр станциялары, жүк көлігі бар эшелондар келді. Тың жерлерге механизаторлармен, егіншілермен бірге мұғалімдер, дәрігерлер, инженерлер барды. Бұл облыс мәдениетінің жалпы деңгейіне оң әсер етті.

Аталмыш көрме қонақтары Отанымыздың өркендеуіне үлес қосқан тың және тыңайған жерлерді игерген қатысушылардың суреттерімен танысты. Іс-шараға  Қазтұтынуодағы Павлодар жоғары экономикалық колледжінің студенттері қатысты. 

Мұрағатта тың және тыңайған жерлерді игеру туралы ақпараттар молынан сақталған. 1950-1960 жылдар арасында қолданылған құрал-жабдықтарды көрмеге ұсындық. Оның ішіндегі экспонаттар 50-жылдары тұрмыста пайдаланылған киім-кешектер, аяқ киімдер, шам, шәйнек, пешті көруге болады, –  дейді өлке тарихын ғылыми-зерттеумен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Гүлжайнат Әлиева.

Сонымен қатар, тыңды көтеруге қатысты маңызды мемлекеттік құжаттар бар. Түрлі қаулылар мен фотосуреттер де өткен күндердің куәсі ретінде көрмеден орын алған. Осы жәдігерлердің ішінде ең құндысы – КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының грамотасы. 1958 жылы миллион пұт бидай тапсырғаны үшін Павлодар облысы осындай марапатпен марапатталды.

Тарихи кезеңде миллиондаған жер игерілген, қажеттілікке қарай әлеуметтік құрылымдарымен көптеген совхоздар мен колхоздар құрылған. Тың игерудің алғашқы екі жылында көрші республикалардан Қазақстанға 360 мыңнан аса механизатор, құрылысшылар мен ауылшаруашылығының мамандары келген. 680-нен аса жаңа совхоз ашылған. Оған мемлекеттен төрт миллиард сомнан аса қаржы бөлінген, – дейді  бөлім басшысы.

Айта кетейік, көрмеге келушілер жәдігер ретінде тың игеруге барған комсомолдың сақталған жолдамаларын, тыңшылардың алғашқы шатырларды орнатқаны, алғашқы бороздарды төсегені, бос тұрған гектар жерлерді игергені туралы ақпараттармен таныса алады.

Тарихи жылдарға арналған көрме екі апта көлемінде жұмыс істейді.