Павлодарда құрылыста заңсыз жұмыс істеген шетелдік елден мәжбүрлеп шығарылды
Ол сот шешімінен бір жыл бойы қасақана жалтарып жүрген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары Павлодар қаласында құрылыс нысандарының бірінде құқықтық заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырған Тәжікстан Республикасының азаматын анықтап, ұстады.
– Тәжікстан елінің азаматы 2023 жылы маусым айында Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотының шешімі бойынша кінәлі деп танылып, Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығарып жіберу туралы шешім шыққан болатын. Алайда, бұл азамат бір жыл ішінде қасақана жалтарып, шығарып жіберу туралы сот шешімін орындамады, – дейді Павлодар облысы полиция департаменті көші-қон қызметінің бастығы Дәулет Ысқақов.
2024 жылғы 28 мамырда аталған шетел азаматы құжаттандыру және Отанына оралу туралы куәлік алу үшін Астана қаласындағы Тәжікстан Республикасының елшілігіне дейін көші-қон қызметінің қызметкерлерімен еріп жүрді. Құжаттамамен қажетті рәсімдер жүргізілгеннен кейін шетелдік азамат соттың шығарып жіберу туралы шешімін одан әрі орындау үшін шекара қызметінің қызметкерлеріне берілді. Қазіргі уақытта шетелдік азамат Тәжікстан Республикасына шығарылды.