Павлодар облысында ерекше балалар саны артып келеді

Павлодар облысында ерекше балалар саны артып келеді
Фото: ӨКҚ

Бүгінде аймақта  ерекше білім беру қажеттіліктері бар мектепке дейінгі 1212 бала тіркеуде тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. 

Павлодар қаласы білім беру бөлімі басшысының м.а. Жанат Асаинованың айтуынша,  мектеп жасына дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалардың саны жыл сайын 100 балаға артып келеді.

– Психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия ақпаратына сәйкес 1212 бала тіркеуде тұр. Оның ішінде  521 бала арнайы балабақшалармен қамтылған. Ал жалпы білім беретін балабақшаларға 200-ден астам бала барады, яғни олар инклюзивті жалпы білім беретін балабақшада білім алуға және дамуға құқылы, – деді Жанат Асаинова.

Оның сөзінше, бұл тек ата-ананың өтініштері бойынша тіркелген балалар. Яғни, ПМПК өздігінен  жалпы санын анықтауға құқығы жоқ. Ата-аналар өтініш жазғаннан кейін балаларды тексеріп, оқу бағдарламасын белгілеп, есепке алады. 

– Ерекше  балалардың басым бөлігі – сөйлеу қабілеті бұзылған,  тілі кеш шыққан, ақыл-ойы кем балалар. Алдағы уақытта жалпы білім беретін бір балабақшаны логопедтік орталыққа ауыстыру жоспарланған, – деді ол.

Айта кетейік, бүгінде 400-ге жуық бала логопедтік арнайы балабақшаға кезекте тұр.