Павлодарда Әз Наурыз қалай тойланып жатыр

Облыс орталығының аулалары мен мектептерінде мерекелік шаралар басталып кетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс орталығының түкпір-түкпірі мерекелік ән мен күйге бөленді. Тұрғындар киіз үйлер тігіп, барша қонақтарды мерекені атап өтуге шақырды. Жиналған халық концерттік бағдарламаларды тамашалап, спорттық шараларда бақ сынау мүмкіндігіне ие болды.
Құрметті қонақтардың қатарында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов болды. Аймақ басшысы бірнеше жерді аралап, қалалықтарды мекекемен құттықтады.
А. Шәмкенов атындағы мектеп-лицейінің ұжымы киіз үй тігіп, спорттың тоғыз түрі бойынша жарыстар өткізді. Бұлыңғыр ауа райына қарамастан, күш сынауға келгендердің қарасы қалың болды. Жастарды тоғызқұмалақ, асық ату, шахмат, арқан тартыс қызықтырды.
Ал ер-азаматтар кір тасын көтеруден қалыс қалмады. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Александр Кирьяков мерекеден қапы қалмай, шағын жарыс өткізді.
– 16 келілік кір тасын көтеру кез келген адамның қолынан келе бермейді. Дегенмен, шеберліктерін паш еткісі келетіндер баршылық. Бұл – спорт қана емес, нағыз драйв! – дейді мұғалім.
Олжабай батыр көшесі 7/1 мекенжайындағы үй тұрғындары Наурыз мерекесіне тыңғылықты әзірленген. Концерттік бағдарлама, ақ дастархан мен тұрғындардың риясыз күлкісі мейрамның көрігін қыздырды. Мерекеге шақырылған меймандардың қатарында 94 жастағы Қабиден Жетпісов те бар.
– Көршілерім тату-тәтті. Үйіміздің тазалығын сақтап, ұрыспай-керіспей өмір сүруге тырысамыз. Бүгінгі керемет мереке осының дәлелі ғой. Көршілеріме зор денсаулық, ашық аспан тілеймін. Үйіміз әрдайым жылулыққа толы болсын, – дейді ақсақал.
Бір жарым жасар Макар Токарев үшін де осы Наурыз ерекше. Мереке аясында енді ғана тәй-тәй басып жүрген бүлдіршіннің тұсауы кесілді.
– Тұсау кесу дәстүрін өткізу бүгінгі мерекемен тұспа-тұс келіп тұр. Ашпанымыз ашық, халқы тату елде тұратынымызды мақтан тұтамыз. Сондықтан болар, қазақ дәстүрі бойынша ұлымның тұсауын кестік. Баламның жолы әрдайым ашық болсын, – дейді Макардың анасы Елена Токарева.
Балақай тұсауы кесілген соң алдына қойылған заттардың ішінен кітапты таңдап алды. Аула тұрғындары Макарға Қаныш Сәтбаевтай белгілі ғалым болсын деген тілегін жаудырды.
«Детвора» мектебінің дарынды оқушылары ән шырқап, би биледі. Қонақтар Наурыз көже мен бауырсақтан дәм татып, мәре-сәре болды. Әдейі шақырылған меймандардың қатарында жас бүркітші Шамиль Жексенбаев та бар.
– Мерекеге Сонар есімді бүркітімді алып келдім. Оған қоян мен түлкі алудан тең келер құс жоқ. Сонар – Қазақстан Республикасының чемпионы. Балалар бүркітті ұстап көріп, қызығып жатыр. Мен оларға бүркітшілік туралы айтып, қызықтыруға тырысамын, – дейді Шамиль.
Ал Гагарин саябағында спортсүйер қауым жиналды. Қалалықтар ұлттық спорт түрлері бойынша бақ сынады. Олардың қатарында асық атудан шеберлігін көрсеткен аймақ басшысы Асайын Байханов та болды.
Еске сала кетейік, негізгі мерекелік шаралар ертең, 22 наурызда Орталық алаңда өтеді. Павлодарлықтарды театрландырылған қойылымдар мен қазақ эстрадасының жұлдыздары – AGUGAI, Мархабы Саби, TURAR және Мәдина Сәдуақасованың концерті күтеді.