Павлодарлық университетке шетелдік ғалымдар метеостанция сыйлады

Павлодарлық университетке шетелдік ғалымдар метеостанция сыйлады
Фото: Марғұлан университеті

Марғұлан университеті Германия университетімен ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуде, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Марғұлан университетіне Германияның Альберт-Людвига атындағы Фрайбург университетінің ғалымдары іс-сапармен келіп, университетке  бірегей ғылыми-зерттеу құрылғысын сыйға тартты. Бүгін аталған құрылғылардың таныстырылымы өтіп, ғылыми бағытта қолдану тәсілдері көрсетілді. Тұсаукесер шарасына университеттің басқарма төрағасы-ректордың міндетін атқарушы Жанбол Жилбаев қатысып, шетелдік ғалымдарға бірлескен ынтымақтастық жұмыстары үшін алғыс білдірді.

Соңғы үш жылда екі университеттің ғалымдары «Қазақстандағы жаһандық климаттық өзгерістердің салдарын зерттеуге үлес ретінде қазіргі заманғы экофизиологиялық өлшеу әдістерін енгізу» халықаралық жобасын жүзеге асыруға қатысқан болатын. Жоба жетекшілері – Фрайбург университетінің профессор, биология ғылымдарының докторы Маркус Хаук.

Университет ғалымдарына тарту етілген қос құрылғының құны шамамен 20 миллион теңге тұрады. Бүгінгі күнде Қазақстанның бір де бір жоғары оқу орындарында мұндай құрылғы орнатылмаған. Бұл –  Марғұлан университетінің биолог ғалымдары мен студенттеріне жасалған үлкен мүмкіндік. 

– Біз бұл жолғы сапарымызда Марғұлан университетінің ғалымдары үшін 2 түрлі жаңа құрылғы алып келдік. Оның біріншісі – кешенді метрологиялық станция. Онымен ауа температурасының ылғалдығын, желдің жылдамдығын, күннің радиациясын өлшейді. Метрологиялық деректерді компьютер арқылы көрсетеді. Екінші аппарат – су потенциалын зерттейтін құрылғы. Бұл өсімдіктер мен ағаш түрлерінің су режимін қалпына келтіруде  өте маңызды болып табылады, –  дейді Фрайбург университетінің профессоры Чоймаа Дуламсурен. 

Фрайбург университетінің ғалымдары университет басшылығымен екі оқу орны арасындағы ғылыми ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Кездесу барысында университеттер арасында меморандумға қол қою, бірлескен ғылыми жобаны іске асыру, Германия университетінің қолданбалы экология және өсімдік шаруашылығы кафедрасының базасында Марғұлан университеті қызметкерлерінің тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру жоспарлануда.