Ақтоғай ауданында жоғалған жігітті іздеуге сүңгуірлер шықты
Соңғы рет Естай Солтанбет Болатұлы Қараой ауылындағы өзен алқабынан байланысқа шыққан, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Қожамжар ауылдық округінің әкімі Серік Тезекбаев жоғалып кеткен жігіт сол аймақты жақсы білгенін, сондықтан адасып кетуі мүмкін емес екенін айтады.
– Соңғы рет әйеліне сол жерде шыға алмай тұрғаны туралы айтқаннан кейін байланыс жоғалып кеткен. Геолокацияны жіберуді сұраған. Анасы қоңырау шалғаннан кейін бірден іздеу шараларына кірістік. Әр көлікте төрт адамнан сегіз көлік шықты. Төтенше жағдайлар бөлімі мен патрульдік автокөлік қосылды, – дейді Серік Тезекбаев.
Оның айтуынша, таңертең 70 адам жаяу және мотоциклмен Ертіс ауданына дейін аумақты, барлық шұңқырды қарап шыққан. Ал кеше Талинка өзеніне қарай апаратын аумақта іздер табылған және айналасындағы бұтақтар сынып қалған. Бүгін іздеуге қайықпен сүңгуірлер шыққан.
Естай Солтанбет Болатұлы отбасымен ата-анасымен бірге тұрады. Отбасындағы жалғыз бала. Аудандағы ЖШС-лардың бірінде механизатор болып жұмыс істейді.
Естеріңізге сала кетейік, 23 сәуірден бері жоғалған азамат туралы хабар болмаған. 1994 жылы 20 қыркүйекте дүниеге келген.
Туыстарының айтуынша, сол күні қара-жасыл «Нива» көлігімен балық аулап жүрген таныстарына шатыр жеткізіп беру үшін жолға шыққан.